Ауылдан – арманға: талай оқушының бағын ашты

Ауылдан – арманға: талай оқушының бағын ашты

Қазір не көп? Мектеп оқушыларына арналған олимпиада көп. Тіпті онлайн олимпиада деген де қалыпты жағдайға айналды. Бірақ солардың ішінде ауыл баласын қолдауға арналған олимпиадалардың қатары некен-саяқ.

Ал «IQanat» – ауыл  балаларын қолдау мақсатында жүзден астам қазақстандық кәсіпкердің қолдауымен құрылған үлкен республикалық әлеуметтік-білім беру жобасы. Бір сөзбен айтқанда, «IQanat» ауыл балаларын арманға жетелейді. Бұл жайлы  Қостанай облыстық «IQanat» білім беру қорының үйлестірушісі  Гүлнар Берсүгіровамен тілдескен едік.

-Гүлнар Сайдолқызы, «IQanat» білім беру қорының олимдиадаға іріктеуі қалай өтеді?

-Жыл сайын «IQanat» білім беру қоры ауылдың 8-сынып оқушылары арасында мақсатты және ынталы балаларды іріктеу, олардың қалалық құрдастары секілді сапалы білім алуына тең дәрежеде жол ашу мақсатында ең ауқымды олимпиаданың  3 кезеңін өткізеді: аудандық, облыстық, республикалық. Қазіргі таңда олимпиаданың екі кезең өткізілді. Ал Қостанай облысының 16 ауданынан 26 дарынды оқушы елордаға үздіктер  атағына таласуға финалдық кезеңге аттануда. Маусымның 19-ы мен 22-сі аралығында еліміздің 166 өңірінен 37 мың баланың арасынан байыпты іріктеуден өткен IQanat-2023 олимпиадасының республикалық слетіне 8-сыныптың ең дарынды ауыл оқушылары Назарбаев Университетіне жиналды.

-IQanat әлеуметтік жобасын кім қаржыландырады?

-«IQanat»- бұл қордың негізін салушы және бас меценаты, BI-Group инвестициялық-құрылыс холдингінің директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаевтың және жүзден астам қазақстандық кәсіпкерлердің бастамасымен құрылған. Кезінде өздері де ауылдан шыққан, ауыл жастарының танымдық потенциалын арттыру үшін қаржы қою үлесінің арқасында жүзеге асқан әлеуметтік және білім беру жобасы болып табылады.

-Ал, біздің өңірімізде Қостанай ауыл балаларын оқытуға қаражат бөлетін меценаттар бар ма?

-Өңірімізде 10 қамқоршы бар. Олардың ішінен қазақстандық автобизнес қауымдастығының президенті, «Allur» компаниялар тобының директорлар кеңесінің төрағасы, Қостанай автомобиль зауыты «Сарыарқа Автопром» компаниялар тобының бас директоры, негізгі қазақстандық кәсіпкер – Андрей Лаврентьевті атап өтуге болады.

– IQanat жоғары мектебі туралы айтып берсеңіз.

-Академиялық адалдықты сақтау мақсатында біздің барлық олимпиадалық кезеңдер офлайн өткізіледі. Слет аясында 120 жеңімпаз анықталады. Олар Қазақстанның ең мықты элиталық мектептерінің бірі – Бурабай ұлттық саябағының көрікті аумағында орналасқан «IQanat Higt School of Burabay» мектебіне грант алады. Осы жылы «IQanat» жоғары мектебі халықаралық мектептер кеңесінің мүшесі болғанын, оның Хай Скул білімінің халықаралық стандартына сәйкес келетінін атап өткім келеді. Биыл мұнда республика бойынша 200 баланың 10-11 сыныптарында 23 қостанайлық оқушы білім алды.

-Балалар олимпиадада қай пәндерден сынақ тапсырады

-Тестілеу кезінде пәндік білімге емес, баланың қабілетіне баса назар аударылады. Сондықтан балалардың логикалық және кеңістіктік ойлауы, математикалық сауаттылығы, ағылшын тілін білуі және қатысушының таңдауы бойынша 6 пәннің бірі таңдап алынады. Мәселен, математика, физика, химия, биология, тарих және география пәндерінің біреуінен тест тапсырады.

-Қостанайлық айқанаттардың ең жарқын жетістіктері қандай?

-Қостанайлық айқанаттардың жетістіктері көп. Қостанайлық мақтаныштарымызды мысал келтіре кетейін. Жітіқара ауданынан қатысқан Арыстан Альдиев есімді оқушы 100% грантты Кипрдан және Малайзиядан ұтып алды. Бірақ Назарбаев университетін таңдады. Б.Майлин ауданынан келген Алина Мутасова Литва және Чехияға грант ұтып алып, Литваның халықаралық университетінің «Экономика және қаржы» мамандығына түскен еді. Биыл «Erasmus» бағдарламасы бойынша Алина Испанияда оқыды, ал көктемнен бастап Аргентинада Буэнес-Айресте оқуын жалғастырады.

-Сұқбатыңызға рақмет! Жерлестерімізге сәттілік!

Гүлжихан ЕРМҰХАНОВА,  

Гүлдірайхан ЕРМҰХАНОВА,

ҚӨУ-дің студенттері.  

 

Жаңалықтармен бөлісу