Ауылдағы түлеп ұшқан мектебіне қаламгердің есімі берілді

Ауылдағы түлеп ұшқан мектебіне қаламгердің есімі берілді

Биыл үкіметтің қаулысымен белгілі журналист, сатирик Жұматай Сабыржанұлының есімі туған жері Аманкелді ауданы Қабырға ауылындағы орта мектепке берілді.

Көпшілік мұны Аманкелді ауданының 95 жылдығы және халық батыры А.Имановтың 150 жылдық тойының сәтті жалғасы деп қабылдады. Осыған орай, аталған білім ордасында қаламгер Жұматай Сабыржанұлының есімін ұлықтауға арналған мазмұнды іс-шара өтті.

Қабырға ауылы Аманкелді орталығынан 60 шақырым қашықта орналсқан. Ауыл тұрғындары мал шаруашылығын дамытып, мемлекеттік бағдарламаға қатысып, кәсіптерін дөңгелентіп отыр. Тоғыз жылдық білім ордасында алпысқа жуық оқушы білім алып жүр. Мектепке келген жас мамандар да бар.

Ауылдағы білім ошағы осы уақытқа дейін Н.Крупская атында болды. Енді елінің тумасы, аты алты алашқа аян жазушы, журналист, сатирик Жұматай Сабыржанұлының есімі берілгеніне ел риза.

Аудандық мәдениет үйі мен мектеп оқушылары концерт қойып, ауыл жұртына мерекелік көңіл-күй сыйлады. Жиынның ашылуында Аманкелді ауданының әкімі Талғат Карбозов шыншыл қалам иесінің өмір жолы мен еңбектеріне тоқталып, бұл күннің маңызын атап өтті.

– Осы білім ұясынан елімізге белгілі қаншама азамат түлеп ұшты. Соның бірі – Жұматай Сабыржанұлы. Ақиқатты ар тұтқан тұлғаның қазақ журналистикасында өз орны бар. Біз соны мақтан тұтамыз. Қабырға ауылы – аудандағы шалғай елді мекендердің бірі болса да, болашағы зор. Былтыр ауылға таза ауыз су тартылып, ұялы байланыс желісі орнатылды. Одан қалды ауыл орталығына жаңа саябақ бой көтеріп, балаларымыздың ойын алаңы жасалды. Енді көтерме жолға күрделі жөндеу жүргізу мәселесін шешу көзделіп отыр. Ауыл мектебі де назардан тыс қалған емес. Жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондықтан аяулы ағамыздың есімін иеленген мектеп ұжымына зор табыс тілеп, жиналған қауымға ризашылығымды білдіремін, – деді аудан әкімі.

Мазмұнды іс-шараға Астанадан келген қаламгердің зайыбы, журналист Әмина Мүржүсіпқызы, балалары – Саят, Гүлнұр, бұрын бірге қызмет істеген әріптестері – Сейфолла Шайынғазы, Жомарт Нұрман және Хамитбек Махмұтов, Бақытбек Бәйтеміров секілді азаматтармен бірге бауырлары Жомарт, Нағашыбай және Әлімжан Сабыржанұлы қатысып, шындықты ту еткен азамат туралы тағылымды естеліктер айтты. Олар сұхбат беріп, көкейде жүрген ойларын, ыстық ықыласын бөлісті.

Бұл күні ұлттық спорт ойындарынан жарыс та ұйымдастырылды. Аудан әкімі бастаған қауым мектеп ауласына ағаш көшеттері отырғызды. Бұл жер енді жасыл желекке бөленбек. Жас шыбықтар алып ағаштарға айналсын деген тілектер айтылды.

– Бүгінде ауылымыздың тыныс-тіршілігі жақсы. Биыл мектебіміздің төбесі ауыстырлып, спорт залына күрделі жөндеу жұмысы жасылды. Мектеп ауласында футбол алаңы пайдалануға берілді. Орталықтағы саябақ адам танымастай өзгерді. Саябаққа жарық шамдар орнатылды. Бүгінгі тарихи оқиға құрметті қаламгерге деген құрметтің белігісі. Он жылдан артық ономастика құжаттары жоғары жақтан қаралып, осы жылы мақұлданып, халық қуанып қалды, – деді ауыл әкімі Серік Байкенов.

Іс-шара соңында қонақтар мен ауыл халқы естелік суретке түсті. Жалпы жамағатқа ас беріліп, аруақтарға дұға бағышталды.

Журналист Жұматай Сабыржанұлын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Аманкелді аудандық «Тың шұғыласы» газетінен басталған қаламгердің еңбек жолы алдымен Торғай облыстық «Торғай таңы», кейін Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінде жалғасты. Әсіресе, оның есімі республикалық «Ана тілі» газетінде істеген жылдары дүйім елге жақсы танылды. Сан түрлі өзекті мәселені қозғаған мақалалары мен этнографиялық этюдтерін, оймақтай ғана болса да атандай ауыр жүк артқан ақпараттарын оқырмандар іздеп оқыды. Қоғамдағы келеңсіз көріністерді ащы мысқылмен түйреп, езуге күлкі үйірген сатиралық шығармаларын да жұртшылық жылы қабылдады. Қарымды қаламгердің көзі тірісінде «Кәрі сайтан», «Өкпелесең, өзің біл» атты жинақтары жарық көрген. Кейін жарияланбаған дүниелері «Мен таныған шындық» деген атпен кітап болып шықты.

Айбек ТАҢАТБАЕВ

Аманкелді ауданы

Жаңалықтармен бөлісу