Ауыл тұрғындарының жол сапасы туралы шағымына әкім пікір білдірді

Ауыл тұрғындарының жол сапасы туралы шағымына әкім пікір білдірді

«Қостанай таңы» газетінің оқырмандары жол сапасына жиі шағымданады. Осындай бір кезекті шағым Қарасу ауданына қарасты Октябрь кентіндегі тұрғындардан келіп түсті.

Онда ауыл тұрғындары жылда қар жауған сайын шеткері орналасқан төрт көшеде жер қатпайынша жүру мүмкін еместігін айтады.

«Орталық көшелермен байланыс үзіледі. Еріген қар суы ересек адамның етігінен асады. Осыдан алты жыл бұрын жергілікті тұрғындар көтерме жолға дейін топырақ үйген. Оны жыл сайын қар суы шайып кетеді. Жолға асфальт төселмегендіктен, көктем және күз айларында жұрт балшыққа белшеден батады. Биыл қарғын судан кейін грейдерді мүлде жөндеген жоқ. Октябрь ауылындағы көп көшенің жағдайы сын көтермейді. Билік тек уәде етумен келеді», – дейді шағым иелері.

Мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін біз Октябрь ауылдық округінің әкімі Нұрсұлтан Қарашевке хабарластық. Округ әкімі жағдайдан хабардармын деп отыр.

«Шағымда көрсетілген Королев, Абай, Уәлиханов және Байтұрсынов көшелері Октябрь мен Железнодорожный ауылдарын жалғайды. Екеуінде елуге жақын көше бар. Бүгінде соның жетеуіне асфальт төселген. Әр жыл сайын төрт көшені ғана жөндей аламыз. Әлгі жоғарыда аталған төрт көше бойынша айтарым, біз оны келесі жылы жоспарлап отырмыз. Әуелі жобалық-құндық құжаттарын әзірлейміз, облыстық бюджеттен қаражат сұратамыз. Егер бәрі дұрыс болса, 2026 жылы шағымда көрсетілген көшелерді дұрыстаймыз. Оған дейін жоспар бойынша Довгаль, Октябрь, Баймағамбетов, Киров көшелері тұр. Өйткені, бұл жолдар мектепке, аурухана апарады. Барлық жағдайды біздің бақылауымызда тұр. Ол көшелерде бұрын жарық та болмаған. Өткен жылы бюджет есебінен көшелерді жарықтандырдық», – дейді округ әкімі Нұрсұлтан Қарашев.

Айтуынша, редакцияға жолданған бейнеүзік көктемгі су тасқынынан кейін түсірілген.

«Бұл видео көктемде түсірілген. Оны жақсы білемін. Біз су тасқынымен бірінші рет бетпе-бет келіп тұрғанымыз жоқ. Ағын су Школьная көшесі арқылы өтеді. Ол жерде бұрын грейдер болмаған. Қарғын су өздігінен ағып кетеді. Былайғы жұрт байқай бермейді. «КСТ Трейд» жанармай құю станциясынан Байтұрсынов көшесіне дейінгі аралықты тұрғындар 2013-14 жыдары өздері қолымен бөгепті. Сол кезде көтерме жолдың табанына су ағар құбыр салынбаған. Ал мен мұнда 2019 жылы әкім болып сайландым. Келесі жылы суағар құбыр орнатамыз деп отырмыз. Көше жолдарын қар ұстамасы үшін жан-жағындағы шөптерді шауып, тазарттық», – дейді округ әкімі.

Бұдан бөлек, Октябрь және Железнодорожный ауылдарында «Пан-строй» мердігерлік компаниясы ауыз су құбырын қайта жаңғыртуге қатысты масштабты жұмыс атқарған. Яғни, қоңсылас қонған қос елді мекендегі елу шақты көшеге түгел жаңа су құбыры тартылыпты. Кейбір көше жолдары осыдан кейін бүлінген. Ауылдық округ әкімі оларды кезең-кезеңімен жөндейміз деп уәде етіп отыр.

Әлібек ЫБЫРАЙ,

Қарасу ауданы

Жаңалықтармен бөлісу