Айдарбек Сапаров: “Қостанай облысына агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 16,9 млрд теңге қажет”

Айдарбек Сапаров: “Қостанай облысына агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 16,9 млрд теңге қажет”

Өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров агроқұрылым басшыларымен кездесіп, оларды қызықтырған барлық сұрақтарға жауап берді.

Биыл облыс егістігі қолайсыз ауа-райынан зардап шекті. Толассыз жауған жаңбырдың салдарынан астық сапасы нашарлады. Дән сұрыпының сапасы төмендеді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы ешкім қолдаусыз қалмайтынына сендірді.

“Мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Үкімет жауын салдарын азайтуға бағытталған шараларды ұсынады. “Бәйтерек” ҰБХ айыппұл санкцияларын қолданбай қарыз қайтарым мерзімін ұзарту мәселесін шешті.  Агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға қосымша қаражат бөлу жағы да қарастырылуда. Бұл бағытта Қостанай облысына 16,9 млрд теңге қажет”, – деді Айдарбек Сапаров.

Министр астықты кептіру үшін облысқа қосымша 11 мың тонна арзандатылған жанармай берілетінін айтты. Оның құны литріне 250 теңгеден аспайды. Облыс бойынша элеваторлар, 318 астық кептіргіш тәулік бойы жұмыс істейді.

Азық-түлік корпорациясының келісімшарт негізіндегі астығын қайтару мәселесі де шешімін табатын болады.

“Қазір астық нарығының жай-күйіне талдау жүргізілуде. Оның қорытындысы бойынша азық-түлік корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алудың әділ бағасын жариялайды. Компания тұқым қорын қалыптастыруды қамтамасыз етеді және нан өндіру үшін арзандатылған астықты жеткізу кестесін қайта қарайды”, – деп толықтырды Ауыл шаруашылығы министрі.

Айдарбек Сапаров облыстың әртүрлі аудандарындағы бірнеше агроқұрылымдардың алқаптарын аралап, астық қабылдау кәсіпорнының жұмысымен танысты.

Қостанай облысының әкімі Қ. Ақсақалов 4,3 млн га астық егілгенін, жалпы егіс алқабының 32% орылғанын, 1,3 млн тонна астық бастырылғанын, орташа өнімділігі әзірге 9,2 ц/га құрайтынын хабарлады.

Облыста жем-шөп дайындау жоспарының асыра орындалғанын айта кеткен жөн. Фермерлер 1,1 млн тонна шөп, 151,6 мың тонна пішен, 11,7 мың тонна сүрлем жинады.

Биыл алғаш рет мал азығына деп АШ құрылымдарына 58 мың тонна жеңілдетілген бағамен дизель отыны берілді. Оның 6,3 мың тоннасы Қостанай облысына жеткізілді.

Қостанай облысы әкімнің баспасөз қызметі

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу