Ауыл мектептеріне бала керек

Ауыл мектептеріне бала керек

Арқалық қаласына қарасты бірқатар ауылдарда мектептегі бала санын толықтырмаса болмайды. Себебі, бала болмаса мектеп жабылады. Мектеп жабылса, ауылдың да тағдыры қыл үстінде тұр деген сөз.

Бұл мәселе қала әкімінің қалаға қарасты Терісаққан бағытында орналасқан Молодежный ауылдық округі, Целинный, Жалғызтал ауылдарында болған халықпен кездесулерінде тағы да көтерілді.

Ауыл мектептеріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Есік-терезелеріне дейін заманауи үлгіге ауыстырылған. «Целинный», «Жалғызтал» ауылдарында мемлекеттік қазынадан бөлінген 18-20 млн теңге көлеміндегі қыруар қаржыға жылу қазандықтары сыртқа шығарылыпты.

 

Қазіргі таңда Моложеный ауылында – 31, Целинный ауылында – 29, Жалғызтал ауылында – 44 оқушы бар. Бұл мектепті ұстап тұру үшін мардымды көрсеткіш емес. Сол себепті, ауыл халқы болып мектепте оқитын бала санын арттыруға шұғыл түрде қарекет жасалуы қажет. Бұл жағдайда жалғызталдықтарға да тоқмейілсуге болмайды. Оқушы  санын арттыруды осы бастан қолға алу керек. Қала әкімі айтып өткендей мәселен, осыдан екі-үш жыл бұрын Үштөбе ауылында 72 оқушы болса, биыл содан мектепке баратын 41 бала ғана қалып отыр.

Мектепте бала санын арттырудың бірден бір жолы – ауылға көпбалалы отбасыларды тарту. Оларды көшіріп әкеліп, мейлінше жағдай жасау. Жұмысқа орналасуларына жәрдемдесу.

 «Жағдай жасалмайынша ауылға ешкім келмейді. Сондықтан, ауылда бос тұрған үйлерді жөндеп, қатарға қосып, қоныстанушыларға ұсынған жөн. Осы проблеманы шешіп жатқан ауылдардың тәжірибесін де ескерген жөн. Мал беріп, отын-суына өзге де қажеттіліктеріне қарайласып, қиындықтан шығуға жол тауып жатыр. Үкімет өз тарапынан ауылға нақты іс-қимылдармен бетбұрыс жасап отыр. Жолдар жөнделуде, ауыз сумен мәселе жоқ. Интернет те оң шешімін табуда. Ол үшін ауылдарға мұнаралар орнатылып берілуде. Ауыл халқының алда тұрған міндеті – ауыл тазалығын сақтап, мектепке жанашырлықпен қарау», – деді қала әкімі Әмірхан Асанов халықпен кездесулерінде.

«Таза Қазақстан» науқанына аталған ауылдар да үн қосуда. Ауыл іші қоқыстан, қираған құрылыс қалдықтарынан тазартылу үстінде. Бұл іске шаруа қожалықтары, серіктестіктер және ауыл халқы болып жұмыла кіріскен.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген автор

Арқалық қаласы

 

Жаңалықтармен бөлісу