Науырзым ауданының автожол саласына биыл 379 млн теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 45% артық. Ауданның облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының жағдайын жақсарту үшін осы жылы “Қараменді- Раздольное-Аралкөл” автомобиль жолының учаскесіне ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жайлы облыс әкімі Құмар Ақсақалов Науырзым ауданының тұрғындарымен кездесу жиынында айтты.
Құмар Ақсақалов Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев халыққа Жолдауында жол саласына ерекше мән бергенін атап өтті. Биыл облыстың жол саласының бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға артып отыр.
– Сала бюджеті 55,9 млрд теңгені құрады. Осы қаржыға биыл 94 елді мекенде 700 шақырым автожол мен 299 көше жөнделеді. Бүгінгі таңда 352 шақырым жол салынды. Биылдың қорытындысы көрсеткендей, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесін жақсы және қанағаттанарлық жағдайда 85%-тен 87-ке дейін жеткізу жоспарлануда, – деді Қ.Ақсақалов.
Аймақ басшысы интернет мәселесіне де тоқталды. Мәліметке сүйенсек, облыстағы 517 елді мекеннің 331-і ғана сапалы интернетпен қамтылған. Құмар Ақсақалов 2026 жылдың аяғына дейін барлық ауыл-аймақ 4G интернетпен қамтылатын болады деді.
– Сапалы интернеттің болуы маңызды мәселе. Бір ай бұрын “Қазақтелеком” және “Beeline” компанияларының басшыларымен келісім-шартқа отырдық. Жыл сайын облыстық бюджеттен 1 млрд теңге бөліп отырамыз. Осы қаржының арқасында қос компания бірігіп елді мекендерді интернетпен қамтамасыз етіп отырады. Келер жылы кемінде 73 пайызға жеткізуге тырысамыз. Ал, 2026 жылдың соңына дейін барлық елді мекенде 100% 4G интернеті болады, – деп уәде етті облыс әкімі.
Ауылдардың көшелерін жарықтандыру мәселесі де назардан тыс қалмайды. Облыста жарықтандыруға 3,8 млрд теңге бөлінген. Ол өткен жылға қарағанда бес есе көп.
– Көшелерді жарықтандыру үшін 14 мың жарықшамдары орнатылатын болады. Осылайша 700 шақырым көше қамтылады. Науырзым ауданының үш ауылында жұмыс жүргізіледі. Олар Қарамеңді, Буревестник және Шолақсай. Үш ауылдың көшелерін жарықтандыруға биыл 40 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде ауданның жарықтандыру көрсеткіші 68 пайыздан 80 пайызға дейін жетеді. Алдағы бірер жылдың көлемінде 100 пайыз қамту міндеді тұр, – деді Құмар Ақсақалов.
Облыс әкімі баяндамасын аяқтаған соң тұрғындардың сауалына жауап берді. Адамдар ауыл шаруашылығына қатысты, жол мен шағын және орта бизнесті дамыту жөнінде сауалдарын қойды. Ауыл тұрғыны жекенің қолындағы ірі қара малының аяюын тілге тиек етті.
– Ауыл шарушылығы жөнінде атап өттіңіз. Жекенің қолындағы мал басы жыл санап азаюда. Ешкім қолда мал ұстағысы келмейді. Мысалы, 15-20-ға дейін жеткізсе, тең жартысын бруцеллез деп ет комбинатына алып кетеді. Жыл сайын мал егіледі, сонда қалай ол малдан ауру шығады? – деді тұрғын.
Бұл сауалға Ветер Қостанай облысы әкімдігінің ветеринария басқармасының басшысы Ақат Шектібаев жауап берді.
– Биыл Науырзым ауданы бойынша 17 мың ірі қара мал бруцеллазға тексерілді. Соның ішінде 150 бастан ауру анықталды. Екі-үш жыл бұрын ауданда 500-600 басқа дейін анықталатын. Ветеринарлық станция мамандары залалсыздандыру, сібір індетіне қарсы егу жұмыстарын жоспарға сай жүргізіп жатыр. Ал, бруцеллезға қарсы егу үшін әр адам жеке өтініш беруі қажет, – деді Ақат Шектібаев.
Тұрғын елді-мекенді көгілдір отынмен қамту мәселесін де көртерді. Әлеуметтік жағдайдын жоқтығынан халық қала жаққа көшуі жиліп кеткенін айтады.
– Ауылдарға газ тарту мәселесі көптен бері айтылып келеді. Тағы да қайталап еске салғанды жөн көрдім. Халықтың көшу себебін осымен байланыстырамын. Ешкім қазір көмір көсеп отырғысы келмейді. Газ тарту мәселесін қолыңызға алсаңыз, – деді тұрғын.
Құмар Ақсақалов көгілдір отын облыстың газ тартылған елді мекендеріне жетпей жатқанын айтты.
– Қостанай облысы бойынша газдың көлемі тіпті газ тартылған елді мекендердің өзіне жетпей жатыр. 2021 жылдан бастап ешқандай мекеме, зауыт пен үйлерге газ тартуға рұқсат жоқ. Себебі, көлемі жетпейді. Президенттің тапсырмасына сай Үкіметпен, тиісті министрлікпен бірге Қостанай облысына қосымша көлем жеткізу мәселесін қарап жатырмыз. Жоспар құрып, осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Алдағы уақытта қабылданған шешім туралы қосымша айтамын, – деді Қ.Ақсақалов.
Аудандағы маңызды оқиғаның бірі жаңа әкімнің тағайындалуы болды. Осыған дейін ауыл шаруашылығы саласында табысты кәсіпкер ретінде танылған Мәди Ихтиляпов туған өңірінде өзін жаңа қырынан танытып көрмек. Құмар Ақсақалов ауданның жаңа әкімін халыққа таныстырды. “Әкім болсаң, халқына жақын бол”. Облыс басшысы жиын соңын осы сөзбен түйіндеді. Бұны жаңа тағайындалған әкімге берілген тапсырма деп түсінуге де болады.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ