Атыңа затың сай Жақсылығым!

Атыңа затың сай Жақсылығым!

Қазақ журналистикасы қара жамылды. Аза тұтты. Неге? Кімді? Құдайым-ау, есімін тілге оралту қандай азапты еді. Шара жоқ, бірақ жазмышқа… Өмірден Жақсылық Жүнісұлы өтті! Қаршадайынан – он бес жасынан қолына қалам ұстап, ғұмырының 82-ші белесінде бақилыққа аттанғанынша, бастапқыда көкірегін жыр кернеп, бала ақын атанып, бұл миссиясын туған інісі, қазіргі белгілі ақын Нағашыбайына (Мұқатов) біржола аманаттап, соңы демі таусылғанша тек өзіне тән журналистік дара жолынан таймаған қайран Жәкең мәңгілікке кете барды…

Жақсылық екі облыстық газетте еңбек етті: «Қостанай таңы» мен «Торғай таңы». Алғашқысында тәй-тәй қадамын бастап, демі үзілгенше қалам тербесе, соңғысында бас редактордың орынбасары болды. Бұрынғы Торғай облысының алмағайып ашылып-жабылуы кезеңдерінде қос бүйрегіндей болған басылымдардан аражігін ажыратпай, пәрменді еңбек етті.

Осындай журналистік қан-сөлді сығып алатын қара қазанда қайнай жүріп, ол алты кітабын жарыққа шығарды. Артында қалған сондай асыл мұралары – «Сыр сандық», «Топжарғандар туралы толғау», «Дала дарабоздары», «Жылдар жаңғырығы», «Қарымы бөлек қаламгер» және «Табиғатпен егізбін» кітаптары оқырмандарын жылы әсерге бөлеген болатын. Енді қасиетті жеті санына балап, жетінші кітабын өндіріске дайындап жүрген-тін…

Жәкең баспасөз жанрының барлық саласында қажырлықпен қалам тербеп, қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосты. Оның қаузаған тақырыптары да сан қырлы болатын. Кезінде курстасы, кейіннен ақберен жазушы атанған Оралхан Бөкей «Жақсылық-ау, Алматыда қал! Көршілес пәтер жалдап, қанаттаса қалам тербейік. Сенен мықты прозалық шығармалар шығады» дегенін есіне алып отырушы еді марқұм. Бірақ он баланың төлбасы кемпір-шалдың маңайынан ұзап кете алмай, еліне оралып, жазу нәпақасын терген.

Таңдаулы тақырыптар қайдан туады? Тағдырдың таңғажайып тылсымдарынан, адал жүрек пен тазалықтан, мейірім мен адамгершіліктен, еңбекке құнығып адал терін төккендіктен, т.б. қадір-қасиеттен, турасын айтқанда, Жәкеңдей ақмылтық журналистің бай да сыпайы болмысынан, жомарт қалпы мен қанағатшыл әдебінен, міне, сондай оқырмандары бас алмай құмарланатын тұлғалар туралы толғаныстар туады. Осы тұрғыдан келсек, Жәкеңнің Алматыдағы студенттік жылдарында жақын ағасы, қазақ балладасының атасы Қайнекей Жармағамбетовтің баулуымен аралас-құралас болған Сырбай, Ғафу, Төлеген Айбергенов, Шәміл Мұхамеджанов, Мұқағали Мақатаев, Шәмші Қалдаяқов, т.б. талайлы тарландар туралы жазған естеліктері маңызын ешқашан жоймақ емес. Халық қаһарманы,  бұлбұл әнші Роза Бағланова Торғай сапарларында «Жақсантайым-ау, сен аралат еліңді» деп, атқосшы етіп алатын қасына. Мұның сыры неде, бәтір-ау! Әрине, Жүнісұлының таланатты, жүрдек қаламының арбай түсетін бір сиқырымен қоса, адами асыл мінезінің, кішіпейілдігі мен жан мөлдірлігінің шықтай таза аурасы болса керек!

Қасиетті жұмада көз жұмып, Құрбан айттың бірінші күні жамбасы жерге тиген Жәкеңмен соңғы рет қоштасуға Арқалық қаласының әкімінен бастап, қарақұрым ел жиналды. Туған інісі Жарасбайдың ұлының үйлену тойына келген барлық ағайын-туыстары, етжақындары Алланың құдіретімен жиналып, соңғы демі үзілгелі жатқан бауырларымен бақұлдасқандай болған екен…

Иә, иә, бақұлдасар сәтте Жәкең шалқасынан әлсіз жатқан күйі баяғы әдетімен мәттақамдап, жан жуытпай қаттап қоятын жазу құралдарын меңзеп, ішінен ақ қағаз бен қаламсабын алдыртып, дірілдеген саусақтарымен үлбірете қысқылап, кеудесіне басып, мәңгілікке аттана беріпті.

Жәкең өзі қалтқысыз қалам қуатын арнаған сүйікті «Қостанай таңы» газетінің басшысы Кенжеш Оразғалиқызы Қостанайдан арнайы келіп, ұжымның, қара орман оқырмандарының атынан отбасына, туған-туысқандарына, үш баласына көңіл білдіріп, басу айтты. Бұл да болса, газет басшысының білгендігі, көргендігі, ардагеріне деген қимастығы еді.

…Арқалықтан пойыз қозғалды. Перронда жүре адымдап қол бұлғап, сәт сапар тілейтін Жақсылығым неге көрінбейді! Бұлдыраған жанарымды дәмемен қанша ашсам да Жақсылығым жоқ!..  Жүрегімнің бір үзімі жұлынып, сол жерде қалғандай…

Тек дәрменсіз күйде сөмкемдегі қолыма білінген Жақсылығымның өзі толық аяқтап бітіре алмай кеткен жетінші кітабының қолжазбасын сипалай беріппін!.. Аласұрған жүрек нендей сезімге бөлемейсің, сен, сонда ғана әлдене бір үмітпен Жәкем өзіммен бірге жолаушылап келе жатқандай сезініппін  ғой…

Хош, аяулы досым, Жәке! Нұрыңыз пейіште шалқысын!

                                                        Қайсар ӘЛІМ

Жаңалықтармен бөлісу