Атом электр станциясын салу несімен тиімді?

Атом электр станциясын салу несімен тиімді?

Қазақстанда атом электр станциясын салу жан-жақты талқыланып тұр. Бұған елдегі электр энергиясының тапшылығы себеп болып отыр. Келер жылы біздің өңірде де оның әсері қатты байқалуы мүмкін.

Елімізде АЭС салудың маңыздылығын Қостанайдағы оқушылар сарайының ұжымына облыстық мәслихат депутаты Гүлмира Дамбаулова осылай түсіндірді.

“Әлем бойынша көп елдер АЭС – тің игілігін көріп келеді. Біздің ғалымдар да ол тәжірибеден өтіп, танысуына кеңінен мүмкіндік алғалы отыр. Алматыда арнайы ядролық физика орталығы жұмыс істейді. Ғалымдарымен тілдескенімізде өндіріске қажетті шикізаттардың барлығы өзімізден өндірілетінін айтып отыр”, – деді депутат.

Қазақстан халқы ассамблеясының өкілі Руслан Мырзағалиевтің айтуынша, Қазақстанда атом электр станциясын салуға үмітті төрт мемлекттің атауы қазірден белгілі.

“Бізде салынатын АЭС құрылысын Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, Франция елдерінің бірі қолдарына алып қалуы мүмкін. Алдымен байқау жарияланып, құрылысты жүргізген елдің өкілдері біздің мамандарды оқытатын болады. Ең әуелі 6 қазан күні өтетін референдумда “АЭС салу керек пе?” деген сауалға жауап береміз. Жобаны мойнына алған мемлекет шамамен он жыл ішінде салып болады екен”, – дейді ассамблея өкілі.

Иә, оқытады демекші, АЭС -ті игеруге қажетті мамандар жайлы ешқайда айтылмай келеді. Кейбір білікті деген маман иелерімен кездесе қалсақ, “Чернобыль, Фукусима апаттары қайталанып жатпай ма?” деп қауіптенетіні рас.

Ол кезде заман басқа еді. Қазір тұтынатын техника да, ғылым да оң тұрмысымызға әсерін тигізіп жатыр. Тек ұдайы үрдіс қоғамдық бақылауды ғана қажет етеді. Осы орайда өмірдегі болып жатқан мысалдардан да жеткілікті ой түюге болады-ау. Орталық Азия форумында мынадай мәселе айтылғаны бар. Қырғызстанмен шекаралас аймақта ауыз суға көрші елге тәуелді елді мекендер табылған. Айыр қалпақты ағайын суды жібермей қойып, жағалай ауыз сусыз қалған күндері қаншама…

Қазір біз сол секілді электр энергиясы бойынша көршілес Ресей еліне тәуелдіміз. Біздікілер амалсыз қымбат бағамен сатып алуға мәжбүр. Неге өзімізде тұрған уран шикізат қорын пайдаланбасқа? Осындай барлық сұрақтың жауабын АЭС құрылысы түбегейлі шешкелі тұр.

“Президент еліміздің алдында демократиялық ұсыныс жасап отыр. Сарыағаштан елу-ақ шақырым жерден Өзбекстанда АЭС құрылысы басталып кетті. Ол жердегі халықтан ешкім сұраған жоқ. Елу-алпыс жыл бұрынғы уақытты алып қараңыздар, ол кезде цивилизация қалай еді, қазір қалай? Өркениет қоғамы осындай жаңа бір қадамды бізден талап етіп келеді”, – дейді бұл туралы штаб мүшесі Нәзира Жәрімбет.

Бұл әлемдік өркениет түптеп келгенде электр энергиясының күшіне тәуелді. Демек, еліміздегі АЭС салу туралы ой белгілі бір саяси көзқарастан, ұлттық мүддеден, мемлекеттік мәселеден туындап отырған жоқ. Адамзаттық жағдайдан жүзеге асырылатын дүние. Тек алға дамып келе жатқан қоғамда электр энергиясы таусылып қалған жағдайда бірінші адам өміріне қауіп төнетіні түсінікті.

“Кейбір ғалымдардың қозғап жүрген жел, күн стансиялары электр энергиясын өндіргенімен жеткіліксіз. Қуатты электр энергиясына азғантай тұрмысқа қажетті уақытта қосымша қолданылады. Өндіріс, кәсіпорындарға оның мөлшері жеткіліксіз. Ал қуатты энергия беретін атомның қалдықтары қазіргіге қарағанда өте аз”, – деп түсіндірді штаб мүшесі Нәзира Жәрімбет.

Нақты деректерге сүйенсек, дүние жүзінде 400-ден астам реактор жұмыс істеп тұр. 15 елде 62 -сі салынып жатыр. Бұл реакторларға бақылау жасап отыратын “Магатэ” дүниежүзілік орталығы бар.

Мәселен, Қытайда 56 реактор, Ресейде 29, Францияда 56, Жапонияда 12 реактор шекара аумағына сапалы қызметтерін ұсынуда. Оның бәрін әр елдің ғалымдары кезінде зор үмітпен іске асырды. Атом электр станциясының жұмыс істеу кепілдігі кем дегенде ғасырға жарамды.

Айбек ЖҮЗБАЙ 

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков 

Жаңалықтармен бөлісу