Нұржан Мұхамедов – философия ғылымдарының докторы, физика бағыты бойынша қауымдастырылған профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы «Атом энергиясы институты» филиалының реакторлық қондырғыларды жобалау және сынау бөлімінің басшысы. Сондықтан елімізде АЭС салудың қаншалықты пайдалы екенін ғалым ретінде жақсы түсінеді. Ол газетіміздің тілшісімен жүздесіп, көптің көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді.
– Нұржан Еролұлы, бүгінде АЭС салу бойынша қоғам пікірі әлі күнге екіұшты. Ең алдымен көпшілік оның қауіпсіздігіне алаңдаулы. АЭС салынып жатса ол біздің өмірімізге қауіп төндірмейді ме?
– Елімізде энергия жеткіліксіздігі байқалады. Жылдан-жылға оның көлемі артып, тұтыну 3 процентке артып келеді. 2035 жылы 26.5 ГВт энергия қажет болады. Оны жабу үшін қуат көзі қажет. Ал осы қуат көзін алудың ең тиімді жолы атомдық энергия стансасын салу. Қазіргі кезде елімізде электр энергиясының 70 пайызы көмір жағу нәтижесінде пайда болып, жұмыс істеп тұрған стансалардың 70 пайызының тозығы жетіп тұр. Сондықтан ең экологиялық таза қуат көзі ретінде осы бастаманы көремін. Ал қауіпсіздігіне келер болсақ, әлемде салынып жатқан реакторлар III, III+ буынды. Егер референдум нәтижесі оң болса, осындай типті реактор бізде де салынады. Көбі осы реакторларды әлемге зияны тиген жарылыстармен салыстырып, қорқып жатады. Сондай жағдайлардан кейін радиофобия қалыптасқан. Бірақ оларды мүлде салыстыруға болмайды. Әрине, олар да ядролық реакторлар еді. Бірақ олар екінші буынды, олардың қауіпсіздігі төмен. Қазіргі салынатын АЭС-тің қауіпсіздігі толығымен дәлелденген. Оның қорғаны, тіптен сыртқы ғимаратының өзі мықты. Ол 7-8 балдық жер сілкінісі кезінде де төтеп береді. Активті және пассивті қауіпсіздік жүйелері де сақталған. Егер атомдық электр стансасы электр тоғынан айырылып қалатын жағдай болса реактор қалай суытылады деген сұрақ болып жатады. Сондайда реакторды қауіпсіз жағдайға келтіру керек. Сол кезде пассивті қауіпсіздік жүйелері іске қосылады. Олар оператордың көмегімен емес, физика заңдарына негізделген, сондықтан 72 сағатта өзі автоматты түрде суытылады. Осы уақытта оны тоқтатып, қауіпсіз жағдайға келтіруге болады.
– Мұндай АЭС әлем бойынша қандай елдерде бар?
– Көршілес мемлекет Қытайда 26 ядролық реактор салынып жатыр. Сонымен қатар өзге елдерде де бар.
– Егер салынып жатса құрылыс барысымен кім айналысады?
– Әзірге нақты кім салатыны белгісіз. Төрт мемлекет белгілі болып отыр. Олар: Ресей федерациясы, Қытай, Оңтүстік Корея және Франция. Олардың ұсынып отырған реакторлары да осы үшінші, 3+ буынды. Оның бәрі де референдум нәтижесіне байланысты. Атом электр станциясын салу – бұл күрделі және көп сатылы процесс, ол елеулі материалдық және техникалық ресурстарды ғана емес, сонымен қатар білікті кадрларды даярлауды қажет етеді. Мұндай жобаны жүзеге асыру көптеген жұмыс орындарын құрып, елдің шетел мемлекеттері мен компаниялары үшін инвестициялық тартымдылығын арттырады. Бұл энергияны көп қажет ететін салаларда ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін ашады.
– Бастама жүзеге асқан күннің өзінде біз осы атом стансасын білікті кадрлармен қамтамасыз ете аламыз ба, әлде сырттан мамандар шақырыла ма? Көп нәрсе адам факторына келіп тіреледі емес пе?
– Еліміздің 5 университетінде осы мамандық бойынша мамандар дайындалып жатыр. Осы жоғарғы оқу орындарында техникалық физика, ядролық физика бағыттары бойынша мамандар даярлануда. Олар жыл сайын біздің ұлттық ядролық орталықта, ядролық физика институтында кәсіби тәжірибеден өтеді. Қазақстанда үш зерттеу реакторлары жұмыс істеп жатыр. Олардың бәрінде де мықты мамандар бар. Ал енді салынатын АЭС-тің дұрыс жұмыс істеуі үшін 2 мың маман қажет, оның 400-і атом саласының маманы болуы керек. Мамандар тапшылығы туындамайды, себебі АЭС құрылысы – бұл ұзақ процесс, осы уақыт ішінде Қазақстанда қажетті кадрларды дайындауға үлгереді. Біріншіден, мұндай жобаны жүзеге асыру елде мамандарды оқыту жүйесін жолға қоюға жеткілікті уақыт бар.
– АЭС қай жерде бой көтереді? Ол жердің табиғатына, жалпы экологияға, халықтың денсаулығына қалай әсер етуі мүмкін?
– Атом электр станциясын салуға екі негізгі аумақ бөлінді. Алматы облысының Үлкен ауылы және Абай облысының Курчатов қаласы. Алайда еліміздің оңтүстік өңірінде электр энергиясының тапшылығына байланысты Үлкен ауылы АЭС салу үшін ең оңтайлы жер. АЭС экологиялық таза қуат көзі. Онда көмірқышқыл газы өзге де зиянды заттар ауаға бөлініп шықпайды. Балқаш көліне келер болсақ, көлдің булануының жалпы мөлшерінен 0,3 процентін ғана станса қолданатын болады. Бұл су реакторды суытуға тікелей қатыспайды.
– Атом электр стансасы салынып жатса ел оның қызығын қанша жыл көреді?
– Жалпы стансалардың жұмыс істеу мерзімі 60-80 жыл. Одан кейін комиссиядан өтіп, егер жағдайы жақсы болса 100-120 жылға ұзартылуы мүмкін. Реакторды эксплуатациядан шығару да осы жобаға енеді.
– Радиоактивті қалдықтарды жою қалай жүзеге асады?
– Бұл мәселе көпшілікті толғандырып отыр. Ядролық реактордан алынған отын қалдық емес. Ол – қолданылған ядролық отын. Оны қайта өңдеп, төртінші буынды реакторға отын ретінде пайдалануға болады. Мұның бәрі де әлем үшін жаңалық емес. Онымен қалай жұмыс істеу керектігі жақсы таныс. Одан қорқудың да қажеті жоқ.
– Баламалы энергия көздерін пайдалану арқылы да энергия тапшылығының орнын толтыруға болмай ма? Неге атом энергетикасы? Мысалы неге жел, күн энергиясын таңдамасқа?
– Сонымен қатар жел энергиясын да пайдалануға болады. Бірақ ол бүкіл Қазақстанның қажеттілігін қамтамасыз ете алмайды. Ал атом энергетикасы бүкіл елді болмаса да жартысынан көбін электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Ол ештеңеге қарамастан электр энергиясының тұрақты мөлшерін береді. Оның жұмысына ауа райы әсер етпейді. Атом электр энергиясын ештеңе алмастыра алмайды. Баламалы энергия көздері табиғи жағдайлар қолайлы ауылдық жерлерде тұрмыстық қажеттіліктер үшін жергілікті деңгейде қолданылуы мүмкін. Алайда өнеркәсіптік өндіріс үшін баламалы энергия көздері электр энергиясының тапшылығын өтей алмайды, себебі олар көп орын алады, өте қымбатқа түседі және Қазақстан үшін экономикалық тұрғыдан тартымсыз. Осылайша, баламалы энергетика жергілікті қажеттіліктерге жарамды болғанымен, ірі өндіріс үшін физикалық шектеулерге байланысты қолайсыз. Осыны ұмытпауымыз керек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен – Айтолқын Айқадамова
Суретті түсірген – Бердіболат Көркембаев