Газет бетінен «Қандастар» деген жаңа айдар ашылды. Мақсатын да, маңызын да түсініп отырған боларсыздар. Қазір елімізге ағылып жатқан ұлы көш жоқ. Дегенмен, елім дейтіндер әлі де келіп жатыр.
Солардың бірі – Әбдімәжитовтер отбасы. Олар Рудный қаласында тұрады. Өзбекстанның Үшқұдық қаласынан келген. Балалары, немерелері, барша туған-туыс осы кеншілер қаласында десе де болады. Өздері «Үшқұдық қаласының жартысынан көбі Рудныйда» деп жымияды. Сұхбаттасуға келген бізді құшақ жая қарсы алып, көптен танитын кісілерше әңгімеміз бірден жарасып кетті.
Нартай аға мен Роза апай екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, келін түсіріп, немере сүйген жарасымды отбасы. Ұлдары Қазақстанда білім алып, мамандықтары бойынша Рудныйда жұмысқа тұрып, кейін ата-аналарын көшіріп алған. Бұл кісілер тұрған Үшқұдық ауданы Қызылордамен шекаралас. Қатар тұрған үш қала бұрын қазақтың жері болған деседі. Онда кілең қазақ ұлты мекендеген.
–Тамды, Үшқұдық, Кенимех түгелімен қазақы аудандар. Ол жерде тек қазақтар тұрады, Ақтөбенің Ырғызымен, Қызылордамен шекараласпыз. Негізі қазақтың жері болған. Ата-бабамыз да сол жерде туып, сол жерде өсіп, өнген. Шекара бөлінгенде осы үш аудан Қызылордадан Өзбекстанға өтіп кеткен. Халқы мал шаруашылығымен айналысады. Кейін келе осы Рудный қаласы сияқты кен байыту комбинаттары ашыла бастады. Қазір тұрғындардың дені сол комбинаттарда еңбек етеді. Қазақстанның басқа қаласына емес, Рудныйға қоныс аударуымыздың да басты себебі осы. Екі қала бір-біріне ұқсас, жастарға білімі бойынша жұмыс табу да жеңіл. Екі ұлым да осы кен байыту өндірісінде еңбек етеді. Жоғары білімді. Кенже қызым Рудный педагогикалық колледжінде ағылшын тілі бойынша білім алып жатыр, – дейді Нартай аға.
Олар Қазақстанға былтыр ғана көшіп келген. Көшу барысында, құжат әзірлеуде де ешқандай қиындықтар болмаған.
–Шынын айтсақ, елге бұдан да ертерек келгіміз келген. Бірақ алдымен балалар оқысын, тұрақтасын деп шештік. Бір ұлым Таразда, екіншім осы Рудныйда оқыды. Содан жұмысқа тұрып, үйлі болды. Кейін біз де келдік. Өзбекстанда туып, кілең қазақтың ортасында, ата-бабамыз туған жерде өссек те атамекенге кеткіміз келді. Балалар өз елінде болса екен деп ойлап, жоспарлап жүрдік. Ол жақтан ағайын-туыс 2004 жылдан бастап елге қарай қозғалған еді. Сол жылдары елге келгендерге қиындау болды. Квота, барлық көмек берілсе де құжат дайындауда тіл жағынан қиналды. Ал, қазір ондай кедергі жоқ. Біз танитын туыс-туған осында, мұндағы халықтың да тілі қазақыланған. Туындап жатқан еш мәселе жоқ. Үкімет тарапынан берілетін жәрдемақыны алдық. Үш жанға 1 млн 550 мың берілді. Қаңтар айында Қазақстанның азаматтығын алу үшін құжаттарды тапсырдық. Енді оған да ие болармыз. Бар қинайтыны, мамандығыма сай жұмыстың жоқтығы. Зейнеткерлікке шығуға әлі ерте. Қайда барсам да күзетші сияқты жалақысы аздау жұмыстарды ұсынады. Ал, менің сауда саласында отыз жылдан артық еңбек өтілім бар, – деп әңгімесін жалғады.
Нартай аға жұмыс жоқ деп қарап отырған жоқ. Тендермен айналысуды үйреніп жүр. Енді жеке кәсіпкер ретінде тіркелейін десе әзірге азаматтығы жоқ. Роза апай да тігіншілікпен айналысады. Ол да жеке кәспкер ретінде тіркеле алмай отыр.
–Ол жақта да тігін тіктім. Базардан жер алып, «Ақ ниет» деген жеке меншік тігін цех ашқан едім. Ұлттық киімдер, қыздардың жасауын әзірледім. Үкіметтен қолдау жақсы еді. Қазір де сол ісімді жалғастырғым келеді. Бірақ ісім алға баспай тұр. Мұнда ешкім тани қоймайды, тапсырыс аз. Есесіне барынша тырысып жатырмыз. Халықтың сұранысына қарай икемделіп, нәпақамызды тауып отырмыз. Бәрі жақсы болады деп ойлаймыз, – дейді Роза апай сөзге араласып.
Ол кісінің қолынан шыққан заттары көздің жауын алардай әдемі. Оюлы шапан, қамзол, көйлектердің небір түрі бар. Бәрі де өз еңбегі. Ісмерлік анасынан дарыған.
– Рудный өте әдемі қала. Өзімізге ұнайды. Бірден үйреніп кеттік. Екі келініміз бар, Үшқұдықта тұрған кісілермен құда болдық. Қайда барсақ та Қазақстанды аңсадық. Мақсатымыз балаларды елге қосу еді. Қазақтар елге қарай ағыла бастаған жылдары ауылда өзбек ұлты көбейді. Қазір Үшқұдық қаласының жартысынан көбі осы Рудныйда шығар, – дейді Роза апай немересін құшағына алып. – Әттең, тіл жағы әлі ақсап тұр. Қазақ боламыз, жеріміз, еліміз деп келгенде немерелеріміз шүлдірлеп, орыстана бастағандай. Сол жүрекке батады. Өзбекстанда салтымызды, тілімізді, дәстүрімізді сақтап келгенде елге келіп жоғалтып жатқандаймыз. Ол да уақыт өте келе жөнделер. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда тілдің жайы көш ілгері түзеліп келеді.
Оларды тағы бір таңғалдырған жай мұнда әлі кирилицаның сақталуы. Өзбекстанда барлығы латын қарпіне әлдеқашан ауысып кеткен екен.
–Әлемнің әр жерінде қазақтар бар. Олардың елді аңсайтыны анық. Біз тұрған ауданның өзінде Қазақстанға көшіп келем деушілер әлі көп. Бірақ баспана алу оңай емес. Берілген квотаға сол жақтағы үйін сатса да бұл жерден баспана ала алмайды. Себебі, баспана бағасы тым қымбат. Бізге балаларымыз көмек берді. Үйді балалар ипотекаға алды. Сол жағына үкімет басымдық берсе, – деп бір мәселені айтты ерлі-зайыптылар.
Міне, елім деп келген бір отбасының бүгінгі жайы осындай. Әр күніне шүкіршілік айтып, балалары мен немерелерінің қызығына кенеліп, олардың атажұртында өнгенін көріп мәз мейрам. Лайым солай болғай.
Рудный қаласы
Суреттерді түсірген Б.Ахметбеков