Асылым Ахметова: “Стейк қазақтың тағамы”

Асылым Ахметова: “Стейк қазақтың тағамы”

Асылым Ахметова – әлеуметтік желі оқырмандарын таңдай қақтырған жылқышы қыз. Ауылдағы тіршілік пен өзінің өмірі жайлы бейнежазбалар түсіргенді ұнататын Асылыммен сұхбаттасып көрдік.

-Негізгі мамандығыңыз қандай?

– Мамандығым – информатика пәнінің мұғалімі. Әуелі туған жерімде мектепте қызмет еттім, ал қазір тұрмысқа шыққаннан соң Имантау ауылында колледжде сабақ беремін. Астана және Алматы қалаларында жұмыс істедім. Бұрындары ауылда тұрғанда компьютерді көп қолданбайтын едік. Ол кезде программа жеңіл болды. Кей кезде сурет салып отыратынбыз. Қарапайым слайд жасауды үйренбеппіз. Ал қазір программа қиындады, бірақ қаланың жасөспірімдері көп нәрсені біледі. Дегенмен ауылдық жерде компьютерді меңгеру жағы кішкене осалдау, сол үшін де информатика пәніне баса назар аудару керек деп білемін.

-Әлеуметтік желіде қашаннан бері белсендісіз?

-Карантинде, жұмыстан бос уақытта ауылдық өмірді түсіре бастадым. Ауылдан көшіп кеткен адамдар бейнежазбамды көріп, өздерінің мекендерін сағынып, жақсы пікірлер қалдырды.

-Ауылда тұрудың артықшылықтарымен бөліссеңіз…

-Студент кезімде қалада тұрғым келетін. Кейін қаладан шаршайтын болдым. Қаланың қарбалас күйбең тіршілігінен гөрі ауылға барып, жасыл жайлауда демалғым келді. Ауылда қалудың бір себебі осы болды. Сондай-ақ жұмысқа шақырту алдым. Мен ең алдымен ата-анама көмектескім келді. Қыз бала жат жұрттық демекші, тұрмысқа шықпай тұрып, отбасыма қолғабыс жасайын деп шештім. Мені өсіріп, алақандарында аялап, мәпелеген ата-анама еркелеп жүре тұрғым келді.

-Жылқышылықпен қай уақыттан бастап айналыса бастадыңыз?

– Ат баптауды кішкентай кезімде әкемнің қасында жүргенде үйрендім. Жастарға үлгі болып, насихаттайын деген ойым болды. Қазір атпен айналысу жастар арасында трендке айналды. Ол жақсы нәрсе деп білемін. Жылқы мінезді болғаны жақсы. Олардың мінезі қазақ ұлтының болмысымен бірдей десек те болады. Олар да бәрін сезеді, түсінеді. Еркіндікті, бостандықты жақсы көреді. Жылқыға қасиетті жануар деп қарау керек.

-Жылқыға байланысты қандай қызықты деректер білесіз?

-Жылқыны ең бірінші қазақ жерінде қолға үйреткен. Ертеректе неміс археологы Ботай жерінен бие сауған ыдыстарды тапқан. Бүгінде көбісі стейк тағамын Америкадан келген деп ойлайды. Негізі, ол қазақтардың ойлап тапқаны. Көшпенді халықпыз ғой. Бұрындары атпен қаншама шақырымды артқа тастайтын болған. Сол кезінде етті шикідей атпен ертоқымның арасына салып, өздерімен бірге алып жүретін. Мыңдаған, жүздеген шақырым жүріп өткенде ет ұрылып, езіледі. Тоқтап, демалып, тамақ ішерде сол етті алып, пісіріп жеген. Оны еуропалықтар көріп, өздеріне “Стейк” деп бұрмалап алған көрінеді. Сонымен қатар, бізде киіз үй енді ғана дамып келе жатыр. Киіз үйлерде той жасалып, қазақы кинолар да көрініс табуда. Ал, америкалықтар киіз үйдің ішіне мұражай істеп қойған.

Жылқы баптаудан бөлек қандай қызығушылықтарыңыз бар?

– Колледждегі сабақтан бөлек, садақ ату және ат баптау бойынша қосымшалар өткіземін. Балалар садақ ату мен жылқы баптауды қызық көреді. Үнемі этноауылға барып тұрамыз. Жасөспірімдердің бойында мергендікті дамыту үшін барымды саламын. Садақпен айналысу түрлі дертке шипа, әсіресе психологиялық ауруларға таптырмас құрал. Садақ атудың екі стилі бар. Олар – еуропалық  және көшпенділер әдісі. Бұрындары “қал-жағдайың қалай?” деп сұрағанда екі саусағын көрсетіп, халым жақсы деген белгі берген. Себебі садақты адырнасынан екі саусақпен тартқан. Тұтқынға түскенде осы саусақтарын шауып тастаған. Ал садақты аттың үстінде үш саусақпен атқан. Себебі, шабыс барысында ыңғайсыз, адырнасы тайып кететін болған.

Салт-дәстүрге қаншалықты жақынсыз?

-Қазақ халқы салт-дәстүрді құрметтеп, ырым-тыйымдарға сенген. Мәселен, бұрындары жігіттер қызға көңілін сөзбен емес, іспен көрсеткен, яғни қыздың үйіне қамшы іліп кететін. Қамшы сол үйде қалса, әкесі келісімін берді және қыз сөзді қабылдады дегенді білдіреді. Ал қамшы кері қайтып оралса, ол – қыздың үй іші келісімін бермеді деген сөз.

Алға қойған мақсатыңыз қандай?

-Солтүстік Қазақстанның табиғатын көрсеткім келеді. Көбі демалыс орны мен табиғаты жағынан Оңтүстіктік Қазақстанды айтып жатады. Сол себепті, қаламызда туризмді дамыту керек деп білемін. Қазақстанның табиғаты бай, оны балаларға дәріптеген дұрыс. Қазіргі тұрып жатқан жерім – Имантау ауылы. Маған ауылымның табиғаты қатты ұнайды, соны көрсеткім келеді.

-Жастарға айтар ақыл-кеңесіңіз болса?

– Қазіргі жастарға ағылшынды үйренудің маңызы зор. Дегенмен “өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте” демекші, қазақ тілін жетік меңгеру – бірінші орындағы мәселе. Қазақ бола тұра қазақша сөйлей алмайтын адамдарды түсінбеймін. Солтүстікте салт-дәстүр мен тілді дамыту керек. Барлығының санасына сіңіп қалған стеротипті жою қажет.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Диана БАТЫРБЕК

Суреттерді түсірген Б.МЕЙРАМҰЛЫ

Жаңалықтармен бөлісу