Асылдың сынығымен тағылымды кездесу

Асылдың сынығымен тағылымды кездесу

Қостанай төріне қазақтың жоғын түгендеп, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген жазушы-этнограф, қоғам қайраткері, батыр Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова апамыз келді.

«Өнегелі өмір: еңбек, тәрбие тағылымы» атты танымдық кездесуге апамызбен жүздесуді көптен күткен қалың жұрт жиналып, рухани кештің куәсі болды.

Айта кетерлігі, Зейнеп Ахметова Тобыл-Торғай өңіріне алғаш табан тіреп отыр екен. Дегенмен кештің басталуы көпшілікті ерекше әсерге бөледі. Сахна төріндегі экраннан трактор тізгіндеген өрімдей жас қыздың суреті көрсетілгенде, залда отырған жұртшылық:

«Кәмшат Дөненбаеваға ұқсайды екен» деп таңданысын жасырмады.

Расында да, сол суреттің өз тарихы бар болып шықты.

Зейнеп апаның айтуынша, бұл сурет сонау 1962 жылы түсірілген. Ол кезде небәрі 17 жастағы студент қыз Жітіқара өңіріне тың игеру науқанына қатысып, астық жинау жұмыстарына атсалысқан екен.

Тіпті бұл өлкеге бір емес, екі мәрте келген. Сөйтіп, жастық шағының жарқын естеліктері қалған қасиетті Қостанай жеріне араға 64 жыл салып қайта оралып отыр. Бұл жолы еңбек майданына емес, елмен қауышып, рухани азық сыйлау үшін келді.

Зейнеп Ахметова есімі аталғанда оқырман қауымның ойына ең алдымен «Шуақты күндер» кітабы оралады. Бауыржан Момышұлындай біртуар тұлғаның өмірі мен болмысын, тәлім-тәрбиесін кейінгі ұрпаққа жеткізген бұл еңбек көпшіліктің жүрегінен орын алды.

Жазушы-этнограф бүгінге дейін бабалар аманатына адал болып, қазақы тәрбиенің алтын арқауын үзбей насихаттап келеді.

Бұл жолғы кездесуде де Зейнеп апа алдын ала дайындалған сценарий шеңберінен шықпай сөйлеуді емес, жүректен шыққан әңгімені таңдады. Сөз әлқиссасын «мен жазушымын» деп емес, «мен атаның келінімін» деп бастап, Бауыржан Момышұлының адамдық болмысы, отбасындағы тәрбиесі, қазақы құндылықтарға деген көзқарасы туралы тағылымды әңгімелер өрбітті. Әрбір айтқан сөзі өмірдің өзінен алынған өнеге болса, әрбір мысалы ұлттық тәрбиенің терең тамырына жетелеп отырды.

blank blank blank blank blank

blank

Кеш барысында апа ұлттың ұйытқысы – отбасы, ана тәрбиесі, үлкенге құрмет, кішіге ізет, ұлттық салт-дәстүрдің мәні туралы толғанып, жастарға өмірлік бағыт-бағдар берер құнды ойларымен бөлісті. Залға жиналған жұртшылық Зейнеп Ахметованың әр сөзін ұйып тыңдап, қазақы тәрбиенің қайнарынан сусындағандай әсер алды.

Мақаланы толығырақ газеттен оқи аласыздар.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА