Асыл әжелер өнер көрсетті

Асыл әжелер өнер көрсетті

Арқалықта «Асыл әжелер – өмірдің ажары» атты қалалық әжелер фестивалі өңір жұртшылығының назарына ұсынылды.

Фестиваль барысында ақ ниетті аналар қауымы бабалар мұрасы киелі де, қастерлі ұлттық құндылықтарымызды ұрпақтан – ұрпаққа жеткізіп, жастардың бойына сіңіруді өздерінің парызы санағанын өнегелі істерімен паш етті.

Халқымыздың бағзы заманнан бері қаймағы бұзылмай келе жатқан салт-дәстүрлері, ырым-тыйымдары, ұлағатты ұғымдары мен ғибратты сөздері қанатын кеңге жайды.

Таяуда ғана «Аналар кеңесінің» жанынан құрылған «Асыл әжелер» ансамблі тәлімді әндерІмен тыңдарманының ыстық ілтипатына бөленді.

Өнер шеруіне қаланың білім беру мекемелерінен, ауыл және ауылдық окургтерден көршілес Жанкелдин ауданынан аналар атсалысты. Фурманов ауылының тұрғыны Дана Байділдина, Алуа ауылының тұрғыны Айткүл Орынбекова, А.Құнанбаев атындағы мектеп-гиназиядан Сәуле Жанақбаева, Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінен Ақжарқын Насрединова сынды өнерлі әжелер тыңғылықты үлес қосты. Аналар кеңесінің белсенді мүшелері: қажы ана – Күләйхан Нұрғалиева, мемлекеттік қызмет ардагері – Ғалия Байзақова, кәсіпкер ана – Тамара Соколовалардың да ұрпақ тәрбиесіне қосып жүрген өлшеусіз еңбектерін атап өтуге болады.

Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров, Аналар кеңесінің төрағасы Бақытжамал Қалтаевалар жылы лебіздерін білдіріп, қалалық «Мәдениет және тілдерді дамыту» бөлімінің басшысы Алмагүл Жұмабаева аналарды грамоталармен, гүл шоқтарымен, естелік сыйлықтармен марапаттап, сый-құрмет көрсетті.

 «Көптен бері алыс-жақыннан аналардың басын қосып, қала халқына тағылымды, көңілді кеш сыйлауды армандап жүр едік. Мінеки, соның сәті биылғы қарттар күнінің қарсаңында түсіп, жақсы бір іс-шара өткізіп отырмыз. Әжелер өз өнерлерімен, өнегелі істерімен көрермендерді тәнті етті. Осындай іс-шаралардың өскелең ұрпақты ұлттық салт-дәстүрге, ұлттық киімге деген қызығушылығын арттыратыны сөзсіз. Жастар тәрбиесіне септігі тиетін ілкімді істердің жиі өткізіліп тұрғаны дұрыс деп ойлаймыз», – дейді Арқалық қаласының құрметті азаматы, қалалық аналар кеңесінің төрағасы Бақытжамал Аяғанқызы.

Жанкелдин ауданы Аналар кеңесінің белсенді мүшесі Айгүл Шайхыстанова да фестивалдің өте жақсы, жоғары деңгейде өткенін айтады.

«Ұйымдастыршыларға зор алғысымызды білдіреміз. Елге өнерімізді көрсетіп, бір жасап қалдық», – дейді ұстаз ана.

Тағылымды іс – шараны қалалық Аналар кеңесімен Мәдениет сарайы бірлесіп ұйымдастырды.

 

                                                                     Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу