“Баланың аяғын жаралады”. Ашынған ауыл азаматы шағым айтты

“Баланың аяғын жаралады”. Ашынған ауыл азаматы шағым айтты

Жанкелдин ауданы Ахмет Байтұрсынұлы ауылының тұрғыны Сағадат Сұлтанғалиев ауыл иттері топтасып, мал мен адамға шауып жатқанын айтады. 

«Көшеге шықсаңыз, байлаусыз босып жүрген иттер көп. Олардың иесі бар. Бірақ байлап қойып асырамайды. Өткен жолы ауыл тұрғындары бос жүрген иттер қорадағы қой-ешкілерді талап кеткені жөнінде айтқан. Оған құлақ түріп, елең еткен адам болған жоқ. Бұлай кете берсе, адамды да талайтынын ескерткен. Ақыры айтқандары келді”, – деді дейді шағымданған ауыл азаматы.

Оның айтуынша, Науан Кенжеғұлов деген ауыл тұрғынының  да баласын ит тістеп, жарақаттаған. Ашынған жұрт ауыл әкіміне шағым түсіреді. Ол кісі қабаған иттің иелерін әкімшілікке шақырған. Олар болса, түрлі сылтау айтып, ат ізін салмай кеткен.

“Менің баламның аяғын жаралаған иттің иесі Елдос Әбдікәрімов тым болмаса үйге келіп, кешірімде сұраған да жоқ. Ауыл медбикесі иттің иесіне, жарақат алған балаларды аудандық ауруханаға апарып, вакцина салу керектігін ескерткені құрысын. Ол азамат сол күйі Қостанай қаласынан бір-ақ шықты. Қой-ешкілерді талаған иттің иесін де анықтадық. Ауыл тұрғыны Сәтбай Жармағамбетов ескертуімізді құп алып, итін байлап қойды”, – дейді ол.

Иә, ауылда бос жүрген иттер көп. Таңертең ауыл балалары сабаққа барады. Ол уақытта күн қараңғы болады. Егер сол босып жүрген иттер балаларға айбат шегіп, зиян келтірсе, кім жауап береді? Сондықтан осы мәселенің шешімін тауып, бір шара қолданса дейді ауыл тұрғындары.

Шағымданған ауыл азаматының сөздеріне дәлелді дәйек іздеу мақсатында ауыл тұрғыны Елдос Әбдікәрімовке хабарласып, мән-жайдың анық қанығына көз жеткіздік.

«Менің итім бос жүреді. Осы кезге дейін адам талағанын көргенім де естігенім де жоқ. Ылғи кіре беріс сарайда жатады. Шағымданған азамттың баласы беймезгіл уақытта келіп, есік қақса далаға шығатын едік. Ит үрсе, бірден үйден шығамыз. Бірақ, сол күні ондай жағдай болған жоқ. Баламның аяғын тістеді деп айтты. Баласын үйге әкеліп, ит тістеген жерді көрсетсе, сенер едім. Ал, ауыл әкімі шақырғанда мен Қостанай қаласына қайтқан әкеміздің қырықкүндік асына барамын деп машина жөндеп жатқанмын. Науан деген азаматтың баласының бетін жырып кеткен. Суретіне қарасам, ит талап немесе тырнағанға ұқсамайды. Ауыл медбикесі маған хабарласып аудан орталығына балаларды апарыңыз деп айтқан жоқ. Ауылдың әлеуметтік желісіне жазған екен. Ол кезде Қостанай қаласында едім. Ол кісілер үйіме келіп, ескертіп айтса, болған жағдайды анықтап, ит талағаны рас болса, бір шара қолданатын едім», – деді Елдос Әбдікәрімов.

Болған жағдайдың анығын білу үшін ауыл әкімі Нұрсұлтан Байділдинге хабарластық.

«Ауылда ит көп. Рас, ешкім байламайды. Босып жүреді. Осыған дейін ауыл тұрғындары «WhatsApp» желісі арқылы иттер малға шауып жатқандығын айтып, талай рет иттің иелеріне ескертті. Осылай бола берсе, түбі адамға да шабады деп шу көтерді. Оған мән берген ешкім болмады. Ақыры, міне, екі баланы талап, жарақаттады. Шағымданған ауыл азаматының арызын алып, аудандық полиция бөлімне жолдадым. Ол жақтан хабар жоқ. Иттің иелеріне ескерту жасап, айыппұл төлетеді деген үміттеміз. Біз өз бетімізбен шара қолданып, иттерді аулай алмаймыз. Сондықтан ит мәселесін құзырлы органдар арқылы ғана шешуге болады», – деді ауыл әкімі.

Қай өңірде болса да байлаусыз иттердің мәселесі шешімін таппай отыр. Босып жүрген иттерді өз бетіңмен аулауға болмайды. Қарастырылған заң аясында ғана шешімін табады. Ит асырап, оған ие бола алмаған иелеріне айыппұл төлетіп, тыныш отыруға болады.

Егер қабаған иттер адам өміріне қауіп төндіретін болса, одан не пайда?

                                                     Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ

Жанкелдин ауданы

Жаңалықтармен бөлісу