24 мая, 2025
Арқалықтықтар «Даңқ ескерткішіне» гүл шоқтарын қойды

Арқалықтықтар «Даңқ ескерткішіне» гүл шоқтарын қойды

Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесінде соғыс құрбандары үнсіздікпен еске алынып, боздақтардың құрметіне әскери қарудан оқ атылды. 

Мәңгілік алау басына жиналған халықты қала әкімі Әмірхан Асанов пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

 «Бұл жеңістің халық үшін құны өлшеусіз. Сондықтан, аға буынның жанқияр ерлігі ел жадында мәңгі сақталады. Майдандағы ерлерімізге ауылда қалған тыл еңбеккерлерінің де көмегі өте зор болды. Олар еңбек майданында уақытпен санаспай тынымсыз жұмыстар атқарды», – деп атап өтті қала әкімі Әмірхан Біркенұлы.

Бұл күнде қалада 32 тыл еңбеккері мен 3 соғыс ардагерінің жұбайы бар. Ол кісілерге Президент Жарлығына сәйкес мерекелік медальдар табыс етілді.

Отқа оранған жылдардың азабы мен қиыншылығы қанша ауыр болса да халықтың бір – біріне деген адалдығының, қайырымдылығының, татулығының, қайраттылығы мен өжеттілігінің арқасында аңсап күткен жеңіске қол жеткенін қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Ғапсалықұлы да тілге тиек етті.

Салтанатты рәсім одан әрі қала мекемелері мен ұжымдарының даңқ ескерткішіне гүл қоюларына ұласты.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

Арқалық қаласы