Арқалықтықтар әлем чемпионатынан олжалы оралды    

Арқалықтықтар әлем чемпионатынан олжалы оралды    

«Арқалық арландары» каратэ клубының тәрбиеленушілері елімізде каратэнің “Фунакоши Шотакан” түрінен алғаш рет өткізілген әлем чемпионатында 4 алтын, 2 күміс, 3 қола медалды қоржынға салды.

Елордада төрт күнге созылған жарысқа  еліміздің барлық облыстары мен тоғыз мемлекеттен мыңға тарта спортшы қатысқан. Жерлестерімізден алты жас ерекшелігі бойынша қыздар арасында Томирис Сейткалымева, 7 – 8 жас аралығында ер балалар арасында 25 келі салмақта Бекжан Бағланұлы, 30 келі салмақта Жәнібек Камали бірінші орын, 9 – 10 жас аралығында 30 келі салмақта Сұлтанәлі Жұмабайұлы екінші орын, 7 – 8 жас аралығында кыз балалар арасында 25 келі салмақта Құндызай Ізет, 25 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Әлихан Елжанұлы, 9 – 10 жас аралығында 30 келі салмақта Дінмұхаммед Сержанұлы үшінші орын иеленді.

Ересектер арасында 29 – 35 жас аралығында 75 келі салмақта Асқар Исмағанбетов үшінші орын, 35 – 46 жас аралығында әйелдер арасында Юлия Матей екінші орын, 29 – 35 жас аралығында 76 келіден жоғары салмақта Бағлан Көкішев бірінші орынды қанжығалады.

   «Арқалық қаласы каратэшілерінің ересектер тобы командалық кумитэге қатысып, жалпы ұпаймен 1 орынға ие болдық. Бізге ұдайы жанашырлық танытып, Әлем чемпионатына қатысуға демеушілік көрсеткен спортшы балаларымыздың ата – аналарына зор алғысымызды білдіреміз», – дейді клуб жетекшісі Бағлан Көкішев.

Жеңімпаз клуб қалада 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазір онда отыздың үстінде бала спорттың осы түрімен шұғылданып келеді.

 

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Арқалық қаласы

 

Жаңалықтармен бөлісу