Арқалық қаласындағы А. Құнанбаев атындағы мектеп-гимназиясының физика пәнінің мұғалімі Ерболат Жабағы Астана қаласында өткен республикалық тамыз кеңесіне қатысып, Президент алдында сөз сөйледі.

Ерболат Ғабитұлы өз сөзін таяуда Арқалық қаласында болған сүйінші жаңалықпен бастады.

«Құрметті Президент, Сіздің тікелей тапсырмаңызбен Арқалық әуежайы қалпына келтірілді.22 тамыз күні алғаш рет «Арқалық – Астана» әуе рейсі орындалды. Сондай-ақ, Алматы мен Қостанайға да тұрақты рейстер қатынамақ».
Жас ұстаз сөзін осылай бастар жерлестерінің ұлан асыр қуанышын, Президентке деген шексіз алғысын жеткізді. Білім саласында да елеулі жаңалықтармен бөлісіп, қалада «Келешек мектебі» ашылғанын, Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының университет мәртебесіне ие болғанын жеткізді.
Бұл өзгерістер бір-бірімен тығыз байланысты. Инфрақұрылым қаланың экономикалық тынысын кеңейтсе, білім оның интеллектуалдық әлеуетін арттырады.
«Президенттің тікелей қатысуымен болып жатқан, сол кісінің тапсырмасына орай жасалып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама оқыды. Жалпы, Қостанай облысынан осы біздің жас ұстазымыз Қостанайдың намысын қорғап, Президенттің алдында баяндама жасады. Еліміз бойынша баяндама жасаған 5 педагогтың бірі болды», – дейді Арқалық қалалық білім бөлімінің басшысы Есланбек Мәметеков.
Бүгінде елімізде мектептердің инфрақұрылымы жаңартылып, оқу кабинеттерін заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету арқылы сапалы білім алуға тең жағдай жасалуда.
«Жаңа Конституцияда адам капиталын дамыту, білім мен ғылымды өркендету, инновацияны қолдау мемлекеттің стратегиялық бағыттарының бірі ретінде айқындалған. Біз, ұстаздар үшін, бұл қағидаттың түйіні айқын: мемлекет тарапынан білім саласында жасалған мүмкіндіктер әр баланың сапалы білім алуына, қабілетін ашуына қызмет етуі тиіс. Жаңа оқу жылында осы бағыттарды басшылыққа алып, нақты нәтижеге жұмыс жасаймыз», – дейді облыс абыройын асқақтатқан ұстаз Ерболат Ғабитұлы.
Мұрат Жүнісұлы Арқалық қаласы
