Арқалықтық тұрғын кәсібін кеңейтті

Арқалықтық тұрғын кәсібін кеңейтті

Қазіргі заманда еңбек істеймін деген жанға жол ашық. Елімізде кәсіпкерлікті қолдаудың сан түрлі бағдарламалары бар. Демек, көзін тапқанның айы оңынан туатын заман.

Арқалық қаласының тұрғыны, көп жылдардан бері жеке кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқан Ердос Сатыбалдин де сондай ерінбей еңбек етіп, қолда барды ұқсатқан, жаңашылдыққа жаны құмар жан. Бір өзі бірнеше кәсіптің көзін тауып, жеке кәсіпкерлік, шаруа қожалығы, кооператив ашып, жылма-жыл жаңа бастамаларымен сүйсінте түсуде.

Жылыжайын жаңартты

Кейіпкеріміздің жылыжай ұстап, қыстың көзі қырауда балғын көкөніс өндіріп отырғаны жайлы кезінде газетіміздің бетінде бөліскен болатынбыз. Кездескенде жылы ұшырай кеткен кәсіпкерден сол кәсібінің қалай жүріп жатқаны жайлы білген едік.

Ердос жылыжайы ескірген соң былтыр мемлекеттік тапсырыс беріп, 5 миллион теңге несие алыпты. Жұбайы Гүлзада Сатыбалдинаның атынан «Жолболды» атты жеке кәсіпкерлік ашқан. Жылыжайын қайта жаңартып, үйімен қоса жылытатын жаңа заманауи «германдық» пеш қойыпты.

Жылыжайы бұрын бір қабат қана материалмен қапталған еді. Қаражат алғасын іші-сыртын екі қабат етіп қаптап, талапқа сай жабдықтады. Өнімдерді осы жылыжайда көктетіп, одан кейін өзен жағасындағы бақшасына апарып егеді.

Кәсіпкер алғашындажуа өсіріп, қыс бойы көк жуа сататын. Алдыңғы жылы 11 тонна жуа әкеп егіп, алты ай қыс өнімін көрді. Алайда, былтыр күзде жуа қымбаттап кетіп, тұқымын ала алмады. Сонау Қызылордадан жеткізгенше бағасы мүлде шырқап кететін болды.

Қазір ол жылыжайына қияр егуді бастап кетті. Мамыр айының аяғына таман өнім бере бастайды.

Калифорниялық құрт өсіруде

Былтыр несие алғаннан кейін жаңашыл азамат жаңартылған жылыжайының ішіне «Калифорниялық құрт» әкеліп, салды. Қазіргі уақытта бастапқыда жеткізілгенде 4 шаршы метр жерді алған құрттардың көлемі 15-20 шаршы метрге жетіп қалған. Құрт жылдам көбейіп жатыр. Қайта қыс мезгілі болғасын қорегін қысымдап, азайтып беруде. Жаз шыққасын толық көбейтуге көшеміз деген ниетте.

Калифорниялық құрттан «биогумс» өнімі шығады. Тамақ қалдықтары және малдың көңдерін салып өсіреді. Оны азық қып жеген құрттың көңі биогумс болып шығады. Биогумсті тазартып, тыңайтқыш есебінде қолданады. Іс оңынан басып, көбейіп жатса құртты сатуға да шығармақ ойлары бар.

Нарықта құрттыңбағасы 1 шаршы метрі 150 мың теңгеге бағаланады. Құрттың бұл түрі тез көбейеді, өнімді де тез әрі көп шығарады. Өнімі әлем бойынша сертификатталған.

«Оңтүстік жағында мұны кәсіп етіп алған азаматтар көп. Олар құрттан жылына 60 миллион теңгеге дейін табыс табады. Шетелмен де келісім – шартқаотырып қойған. Сертификатқа сәйкес келсе биогумстіңкелісін 60 теңгеден сатып алады», –дейді кәсіпкер.

 Асыл тұқымды мал әкелді

Ердос былтыр «зәкірлі жобаларға қолдау болады» дегесін өзі сияқты кәсіпкерлермен бірігіп «Талап» деген кооператив ашты.Қолдауалып үлгірмегенімен өзінің туған жері Арқалық қаласының Қайыңды ауылдық округіне қарасты Алуа ауылына асыл тұқымды 100 қошқар сатып әкеліп бағуда. Бұл қошқарларды шаруалар, жеке тұлғалар малдарын асылдандыруға пайдаланады. Биыл отарға қосып, үкіметтің субсидиясын алмақшы. Бір қошқар 25 аналықты ұрықтандыруға қабілетті.

«Өкінішке орай, елімізде қойға бөлінетін субсидия төмен. Керісінше шошқаға жылқы малынан да көп төленеді. Бір қойғаүкіметтен 2 жарым мың теңге қаражат қарастырылған. Қошқарлардыәкелгелі бір миллион теңгедей қаражат жұмсадық. Шөбіне, жеміне, бағуына жұмсалған қаржыны есепке алсақ,бөлінетін субсидиясынан анағұрлым асып кетті»,– дейді Ердос.

Ол осы шаруашылықтарының арқасында өз отбасының сыртында 5 адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың әрқайсынабелгіленген ең төменгі жалақының шектік мөлшері 85 мың теңгеден төлейді. Өнім өндірілгенде еңбекақылары еселене түседі. Азық-түлік, тамағын есептегенде жалақылары 120-130 мың теңгеге дейін барады.

Бау-бақша салады

Өзінің атында «Катия КО» атты жеке шаруа қожалығы бар. Қожалық ертеде бақша салған өзге ұлт өкілі азаматының атында болған. Бұрынғы атауын өзгеріссіз қалдырды. Екі жылдан бері сол иелігіндегі 10 гектар жерге бақша салады. Былтыр картоп екті. Өнімі жаман болған жоқ. Картобын қалаға әкеп апта сайын өтетін ауылшаруашылық жәрмеңкесіне «Қайыңды» ауылының атынан шығарып сатты. Үйінен де келіп әкеткендер аз болмады. Биыл бақшасына алғаш рет калифорниялық құрттар өндіріп шығарған биогумсті тәжірибе ретінде қолданып, картоп, қияр, помидор, қауын-қарбыз т.б бау-бақша өнімдерін егуге қам жасауда.

  Бақшаны суару үшін түрлі сорғылар сатып алған. Суды үнемдеп пайдаланып, шашыратып суарады. Жерді трактормен жыртып, бақша салады. Бұл жұмыс техниканы көп керек етпейді. Қажет болып бара жатса кооперативтіңтрактор, машиналары бар.

 Еңбек етсең ерінбей…

Ердостың басты ұстанымы – еңбектен қашпау. Әңгімені де әріден қозғап, тарихпен тамырластыра айтады. Төрт перзенті бар. Балаларының кішісі бес жаста.

«Қарап тұрсақ, қолдан келмейтін дүние жоқ. Біреулер қазақты «жалқау» дейді. Бұл сөз менің намысыма тиеді. Қазақтың жалқау еместігін қайраткерлеріміз әлдеқашан дәлелдеп, айтып кеткен. Алға қойған үлкен мақсатым – қандай да бір жаңашылдықтан шет қалмау.

Жастарымызды еңбекке икемдеп өсіруіміз керек. Өзім бала кезімнен еңбекке жақын болдым. Жекешелендіру басталғанда әкем алғашқылардың бірі болып шаруа қожалығын ашты. Мал өсіріп, бақша салдық.

Өнім болды, бірақ ол кезде бағасы мардымсыз болатын. Қалаға әкеп өндірген өнімімізді сатып жүрдік. Ол шақта «бартер», яғни айырбас деген көп болатын.

Адам ерінбеу керек. Ата-анама алғысымды айтамын. Әкем: «Алла тағала таңмен ризық –  несібе береді. Несібелеріңнен айрылмаңдар», – дейтін. Он баласы ерте тұрып шаруамен айналасытанбыз. Қатар – құрбыларымыз біздің үйде жүретін.

«Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», –  деген. Ата-ана алдымен балаға өздері үлгі болуы керек. Жазда туысқандарымның балалары да келіп жәрдемдеседі.

Ауа-райының қолайсыздығынан кей жылдары көңілдегідей өнім болмайды. Десе де жыл өткен сайын тәжірибе жинақтап, жаңа технологияларды қолданып, етек-жеңімізді жинақтап келеміз. Қолымнан келгенше балаларымды еңбекшіл етіп тәрбиелеп жатырмын»,– дейді жан-жақты кәсіпкер Ердос Сатыбалдин.

Жан-жақты демекші, оның тағы бір кәсіпкерлігінің қыры бизнесте жүрген әріптестерінің есеп -қисаптарына жәрдемдесу. Ол үшін бәрін заңдастырып, өз алдына тағы бір жеке кәсіпкерлігін ашып қойған.

«Мал баққан, ертелі-кеш трактордің рөлінде жүрген адамдарға компьютермен есеп тапсыру қиындық туғызады. Мен кезінде осы салада да еңбек еткен адаммын. Сол себепті, сұраныс болғандықтан бұл жұмысты да тұрақты түрде атқарып жатырмын»,– дейді.

Ердос ұлттық салт-дәстүрімізді берік ұстайтындардың қатарында.Діннен де шеткері емес. Жыл сайын ораза ұстайды.

«Алламен қатынас жасырын болу керек. Оны «мен мынадай едім» деп біреуге міндетсініп қажеті жоқ», – дейді өмірден өз жолын тапқан азамат.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу