Арқалық қаласының Қайыңды ауылдық округіне қарасты «Бақытбек» жеке шаруа қожалғы қазақтың ақ бас сиырларын әкелді.
Бұл қожалық былтырғы су тасқыны апатында бар жиғанынан айрылып, құрығын ұстап қалғандардың бірі болатын. Енді, міне, мемлекет көмегінің арқасында қайта еңсе көтеріп, мал басын құрай бастады.
«Мемлекет басшысының халыққа деген қамқорлығының нәтижесінде бүкіл шығынымыз өтелді. Суға кеткен үйіміздің орнына жаңадан үй салып алдық. Малдың да жоғы түгенделіп, асыл тұқымды ақ бас сиырларды әкеліп жатырмыз. «Бір жамандықтың бір жақсылығы бар» дегендей, қиын күндер ұмытылып, мамыражай тұрмыс кеше бастадық. Біз сияқты зардап шеккен жандарды өз мәселесімен оқшау қалдырмай, төтенше жағдайда қол ұшын созып, нақты жәрдем берген үкіметімізге, барша ел азаматтарына зор алғысымызды білдіреміз», – дейді «Бақытбек» шаруа қожалығының басшысы Бақытбек Нұридденов.
Шаруасы қайта жанданған қожалыққа 42 ақ бас сиыр әкелінді. Оның екеуі – бұқа, өзгесі – аналық мал.
«Етті мал болғандықтан, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктері де бар. Құжаттарын әзірлеп, тиісті көмектерді алуға да қам жасап жатырмыз»,-дейді шаруа қожалығының басшысы.
Осылайша, ширек ғасырдан бері ата кәсіппен айналысып келе жатқан ауылдағы ағайындардың арқа-басы кеңіп, ертеңгі күнге деген үміттерін еселей түсуде.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ