Арқалықта асшаяндар мен африкалық сом өндірісін бастауға әкімшілік қиындықтар кедергі келтіріп отыр. Бұл мәселе облыс прокурорының аға көмекшісі Батырхан Бәжікенов пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Департаментінің облыстық превенция басқармасының басшысы Айгүл Мырзахметова кәсіпкерлерді қабылдағанда мәлім болды.
Екі жылдан бері әуре-сарсаңға түскен кәсіпкер, “Sariarka fish QZ” директоры Дина Тасщанова амалының жоқтығынан құзырлы орган өкілдеріне жүгінді. Кәсіпорын Арқалық қаласында асшаяндар мен африкалық сом шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр. Бастапқыда онда 10 тонна асшаян мен 15 тонна балық өңімі өндірілмек. Уақыт өте келе өндірісті кеңейту жоспарланған. Тек, бірінші кезеңнің өзінде елуден астам жұмыс орнын құру көзделіпті.
Өңірде осындай бірегей өндіріс ашуға бел буған Дина Тасщанова осы салада тәжірибесі мол ресейлік мамандарды шақырған. Олардың пікірінше, Арқалықтың маңайындағы су көздері шаян тұқымдастар мен балықтар үшін өте қолайлы. Қолайлы орын да бар.
Бірақ, тәп-тәуір басталған кәсіп әкімшілік қиындықтардың кесірінен тоқтап қалды. Кәсіпкерге өз ісін бастауға 400 млн теңгеден астам қаражат қажет. Қолында 60 млн теңгеден астам өз қаражаты бар. Дина Тасщанова мемлекеттен жеңілдетілген несие алғысы келген. Алайда, жобаның құжаттамасына қойылатын талаптардың көптігіне байланысты өтінім екі жылдан бері қаралмаған. Кәсіпкердің өтініші оң шешілген жағдайдың өзінде бюджеттен тиісті қаражаттың бөлінуі екіталай.
Мәселені егжей-тегжейлі талдаған мамандар жобаны бірыңғай Индустрияландыру картасына енгізуге өтінім беру туралы шешім қабылдады. Бұл қаржыландырудың баламалы көздерін тартуға сеп болмақ. Сондай-ақ, кәсіпкерге инвестициялық штаб жұмысының барлық артықшылығын пайдалануға мүмкіндік береді.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы бұл жобаға қолдан келгенше көмектесуге, барлық әкімшілік кемшілікті жоюға жәрдемдесетін болды. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Данияр Күзенбаевтың айтуынша, жеке қабылдау тәжірибесі өзінің тиімділігін көрсетті. Өткен жылы ғана 112 кездесу өткізіліп, онда кәсіпкерлердің 185 өтініші қаралған.
Әлібек ЫБЫРАЙ