31 мая, 2025
Арқалықтық дәрігер Денсаулық министрінің қолынан алғыс алды

Арқалықтық дәрігер Денсаулық министрінің қолынан алғыс алды

Облыстық жедел жәрдем станциясы Арқалық қалалық филиалының фельдшері Мәдина Ахметжанова жақында ана мен баланың өмірін сақтап қалғаны  үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Құрмет» грамотасымен және Қазақстан Республикасы Жедел медициналық жәрдем қауымдастығының «Үздік қызметкер» төсбелгісімен марапатталды.

Өткен жылдың ақпан айы еліміздің солтүстік аймағы бірнеше күн қарлы боранның құрсауында болды. Дәрігерлер мен фельдшерлер мекенжайларға жаяу жетуге мәжбүр болды. Әсіресе, ауылдарда жұмыс істеу оңай болмады.

Арқалық қаласының «Северный» кентінен жүкті әйелді қалалық перзентханаға апару үшін Мәдина Ахметжанова серіктесі Айдана Наурызбаймен бірге қалың қар үйіндісін кешіп, көтерме жолдан қоңырау түскен мекенжайға жаяу барды. Сөйтіп, құтқарушылар толғағы қысқан ананы қауіпсіз жерге шығарып, жедел жәрдем көлігіне жеткізді.

«Бірінші Алла, екінші дәрігерлердің арқасында аман қалдық. Отбасымның атынан адам жанының арашашысы болып жүрген ақ халатты абзал жандарға зор алғысымды білдіремін», – дейді сәтті босанған ана Гүлназ Рыскелдина.

Мәдина Нұрлыбекқызы үлгілі жас отбасылардың бірі. Отағасы Дүйсен де өзімен бір мекемеде фельдшер болып жұмыс істейді. Қос дәрігер Ілияс атты үш жасар перзенттерін тәрбиелеп отыр.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

                                                                                                     Арқалық қаласы