«Арқалықтың ақ таңы» қос ауданға жол тартты

«Арқалықтың ақ таңы» қос ауданға жол тартты

Арқалық қазақ жасөспірімдер театры Жангелдин ауданында Н. Ахметбеков, Амангелді ауданында Қ. Әбенов атындағы мәдениет үйлерінде қалың көрермендеріне жерлесіміз, ақын-жазушы, драматург А.Маудановтың «Арқалықтың ақ таңы» драмасын ұсынды.
Туған жер тағдыры мен елдік мұратты, ұлт рухы мен азаматтық болмысты арқау еткен қойылым Арқалықтың өткені мен бүгінін сахна тілімен сөйлетіп, жұртшылықтың ыстық ықыласы мен зор қошеметіне бөленді.

blank blank blank blank blank blank blank

Төл театрдың гастрольдік сапары барысында екі аудан әкімінің атынан театр ұжымына Алғыс хаттар, гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

blank

«Бұл – шығармашылық ұжымның еңбегіне көрсетілген құрметпен қатар, мәдениет пен өнерге деген айрықша ықыластың белгісі деп білеміз. Осы орайда шығармашылық сапарымыздың жоғары деңгейде, сәтті өтуіне қолдау білдірген Жангелдин ауданының әкімі Дінмұханбет Серікұлы Бидашевқа, Амангелді ауданының әкімі Қанат Уашұлы Кеделбаевқа, аудан әкімдіктеріне, мәдениет саласының қызметкерлері мен ұйымдастырушыларға шынайы алғысымызды білдіреміз», — дейді театр директоры Рауан Терек.

Осылайша, тарихы тағылымға толы қос өңірде өткен гастрольдік сапар Арқалық театрының шығармашылық шежіресіндегі тағылымды белестердің біріне айналды.

Сондай – ақ, өнер ұжымы арнайы сапар барысында кішкентай көрермендеріне яғни, балабақша бүлдіршіндері мен мектеп оқушыларына А.Әлиеваның «Бақбала мен Интербек» ертегісін де ұсынды.

                                         Мұрат Жүнісұлы

Арқалық – Амангелді – Торғай