Қала әкімдігінің мәліметі бойынша төтенше жағдай кезінде Арқалық қаласының су басқан ауылдарынан барлығы 301 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Эвакопункттерге 124 адам орналастырылды.
Апат салдарынан Екідің ауылында 32 үй, 2 шаруа қожалығы, Қызылжұлдыз ауылында 30 үй, 4 шаруа қожалығы су басқан. Су кірген үйлердің 3-і құлаған. Северный кентінде – 72, Западный кентінде – 4, Дачный кентінде –22, Новый кентінде –25, барлығы 201 үйге су енген. Диспетчерлік қызметке тұрғындардан әлі де арыз-шағымдар түсіп жатыр.
Қазіргі таңда Қызылжұлдыз және Екідің ауылдарынан эвакуацияланған 122 адамға көмектер көрсетілді. Ел азаматтары Астана қаласынан жіберген азық – түлік, киім, төсек – орын, шаруашылық заттары тиелген екі газель жүк көлігі келіп жетті. Мұнымен қоса аталған тұрғындар түскі және кешкі ыстық аспен қамтылған.
Арқалық қалалық іскер әйелдер қауымдастығы 5 дана су сору құрылғыларын, балаларға арналған тамақ, киімдер, жаялықтар сатып әперіп, 11 отбасыны дәрі – дәрмектермен қамтамасыз етті. Қаладағы ақындар қауымы да көмектерін жеткізді.
Қала кәсіпкерлері жылы аяқ киімдер, жылы киімдер, 3 су сорғыш мотопомпа, азық – түлік пен қоса 12 отбасыға газ баллондар алып берді. Қалалық мешіт 70 отбасыға азық – түлік, жапа шеккен тұрғындар мен еріктілерді 50 дана резеңке етікпен қамтыды.
Қала тұрғындары арнайы орталыққа киімдер, ыдыстар мен шағын тұрмыстық техникалар жеткізіп жатыр. Жеке азаматтар зиян көрген тұрғындардың есеп – шоттарына 500 мың теңгеге жуық қаражат аударды. Мекемелер мен ұжымдар 1 тоннадан астам азық-түлік және киімдер табыс етті.
Жол қатынасы уақытша тоқтаған елді мекендерге тікұшақ арқылы азық – түлік, 100 литр бензин, 100 литр жанар – жағар май мен дәрі – дәрмектер жіберілді.
«АМАNАТ» партиясынан 6 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді. Әулиекөл ауданынан 30 тонна, Наурызым ауданынан 15 тонна шөп, Ұзынкөл ауданынан 50 тонна жем жіберді.
Арнайы комиссия тасқын судан зардап шеккен үйлерді аралап, шығын мөлшерін қарап, акт жасауда. Осындай жұмыстар 123 үй бойынша жүргізілді. Бүгінгі күні бағалаушы компанияның өкілдері келіп, бағалау жұмыстарын бастап кетті. Мұнан бөлек, әлеуметтік сала өкілдерінен жасақталған комиссия су тасқынынан зардап шеккен 265 отбасыны анықтады. Құжат тапсырған 191 отбасыға 50 (АЕК) көлемінде (184 600 теңгеден) 35 млн 258 мың теңге бір реттік төлем жасалды.
«Қайырымдылық КZ» қоры арқылы Қызылжұлдыз ауылының 185 адамының әрқайсына 100 мың теңгеден 185 адамға 18 млн 500 мың теңге төлем жасалды. Аталған қордан Екідің ауылының 124 тұрғынына 100 мың теңгеден төлем жасау үшін 12 млн 400 мың теңгеге өтініш беріліп, тұрғындардың арыздары қабылданып жатыр.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы