Бұл ақпар Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асановтың «2026 жылдың 5 айындағы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы және одан әрі даму перспективалары» туралы халықпен есептік-кездесуінде айтылды.
Ел Президентінің тапсырмаларына сәйкес, қаланы дамыту өңірдің өкілді және атқарушы билігінің өзара іс-қимылы есебінен жүзеге асырылатын болады.
Биыл өнеркәсіп пен шағын бизнес саласында 42 жұмыс орнын құра отырып, 30 млрд. 160 млн. теңге болатын қаражатқа 2 инвестициялық жоба іске асырылды.
Олар: «Aspan Energo» ЖШС-нің «Қуаттылығы 50 МВт жел электр станциясын салу» инвестициялық жобасы және ARQALYQREMSERVIC ЖШС-нің«Қиыршық тас карьеріне арналған ұсақтау кешенінің жабдықтарын сатып алу және орнату» жобалары. Аталған жобалардың жүзеге асырылуының арқасында қалада 42 адамға жаңа жұмыс орны ашылды.
Шағын және орта бизнесті дамыту бағытында биыл жалпы құны 620 млн. теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асырылуда. Аталған жобалар аясында 90 жұмысорнын ашу көзделген.
Халықпен есептік кездесуінде қала әкімі агроөнеркәсіп кешенін дамыту, әуежай құрылысы, темір жол вокзалын қайта жаңғырту, қаланың жылу, кәріз желілерін жаңарту, жолдарды жөндеу, қаланы абаттандыру тәріздің тұрғындар үшін маңызды жұмыстардың барысымен халықты етене таныстырды.
Әлеуметтік сала бойынша да атқарылатын ауқымды істердің түйінін тарқатты.
«Ұлттық домбыра күні, Арқалық қаласының 70 жылдығына арналған іс-шаралар туралы кеңінен ақпар берілді.
«Жалпы алғанда, мерейтойлық іс-шаралар қала тарихын дәріптеуге, ұлттық мәдениетті насихаттауға, жастарды өнер мен спортқа тартуға және Арқалық қаласының әлеуметтік-мәдени дамуын жаңа деңгейге көтеруге зор үлес қосатын болады», – деді қала әкімі Әмірхан Асанов.
Осылай деген қала басшысы тұрғындарға кезекті үндеуін де жолдады.
«Таза Қазақстан» — бұл бір реттік науқан емес, бұл — әр азаматтың туған жеріне деген жанашырлығы мен жауапкершілігінің көрінісі. Тазалық — мәдениеттің, тәртіптің және елге деген құрметтің айғағы. Баршаңызды аулаларымызды, көшелерімізді, қоғамдық орындарды таза ұстауға, табиғатты аялауға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырамын».
Қорыта келгенде, 2026 жылдың алғашқы 5 айында,қалада жаңа жұмыс орындары құрылып, инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Бұл атқарылған шаралардың барлығы тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, өмір сүру деңгейін жақсартуға және қаланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Арқалық қалалық Мансап орталығының басшысы Әлия Сақанқызының мәлімдеуінше 33 мекемеге 233 бос жұмыс орны «Еңбек биржасында» жарияланып тұр. Жалақысы 100 мың теңгеден бастап, 360 мың теңгеге дейін барады.

Есептік кездесудің әдеттегідей сұрақ-жауап кезеңінде тұрғындардың көкейлерінде жүрген сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берілді.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
