Арқалықта жоғалған қария үш күннен кейін табылды

Арқалықта жоғалған қария үш күннен кейін табылды

Арқалық қаласының Е.Әуелбеков көшесіндегі №28 үйдің №23 пәтерінде тұратын 1932 жылы туған Н.Батищев есімді қария үйінен шығып кеткеннен үш күн бойы  оралмаған.

Қарияның жас ерекшелігіне алаңдаған туыстары сол күні Арқалық қаласының полиция бөлімшесіне арызданған. Арыз түскен күні Арқалық қалалық полиция басқармасының жеке құрамы бағдарланып, жедел іздестіру шараларын жүргізді.

Үш күн бойы тоқтаусыз іздестіру жұмысын жүргізген полиция басқармасының криминалдық іздестіру бөлімінің басшысы, полиция майоры Мейрамғазы Нығметұлы қаланың «Нефтебаза» кенті бағытындағы жазық даладан, қалың шөптің арасынан қарияны тауып алып, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, дереу жедел жәрдем шақырған.

Белгілі болғанындай, жаңбырлы күні жолынан жаңылысқан қария шөптесін жерге аяғы тайып құлап, айқайлап көмек сұраған. Алайда, оның құлаған жері елді мекеннен сыртқары болғандықтан, қарттың даусын ешкім естімеген.

Кейін, өз бетінше әрекет қылуға жасы келген қарияның шамасы келмей, денсаулығы сыр беріп, әлсіреп қалған. Қазіргі таңда ақсақалға қажетті медициналық көмек көрсетілді.

«Осындай келеңсіз оқиғалардың алдын алу үшін қарттарымызды қараусыз қалдырмауымыз керек. «Қарты бар үйдің қазынасы бар», – деп халқымыз бекер айтпаған. Қарияларымызды құрметтеп, қамқор болайық!», – дейді Арқалық қалалық Полиция басқармасының Криминалдық полиция бөлімінің басшысы Алмат Батырханұлы.

 

                                       Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ                                          Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу