Арқалықта қаланы ұзақ мерзімді кешенді дамыту бағдарламасына енгізілген ең ірі жобалардың бірі – жел электр станциясы өз жұмысын бастады. Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Бейсенғалиев Арқалық қаласына келген жұмыс сапарында өндіріс ошағымен арнайы барып танысып, жел электр стансасының құрылысы еліміз үшін аса маңызды жоба екенін атап өтті.
Құрылыс мердігері – «KazWindEnergy» ЖШС. Жобаның жалпы құны – 24 млрд 300 млн теңге. Бүгінде учаскеде 10 жел электр турбинасын орнату және қосалқы станция мен қызметкерлерге арналған ғимараттың құрылысы аяқталды.
Жел құрылғыларының биіктігі 110 метр. Өндірістік қуаты 48 мегаватт. Жобаның жүзеге асуының арқасында 22 жаңа жұмыс орны ашылып отыр.
Мамандардың айтуынша, жаңа жел электр станциясының қуаты өңірдің электр энергиясына тәуелділігінен бірнеше есе көп энергия беретін көрінеді.
«Қостанай облысының оңтүстік өңірі Арқалық қаласы, Аманкелді және Жанкелдин аудандарының жалпы электр энергиясын тұтыну қажеттілігі 16 мегаватты ғана құраса, жел электр станциясы одан 3 есе артық энергия береді. Мұнда бұл энергия ортақ желіге қосылады да, Қазақстан бойынша қай жерде қажеттілік туындайды, сол жерге өздері таратып тұрады», – дейді қала әкімінің орынбасары Абзал Тәшімов.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы