29 июня, 2025
Арқалықта «Жаз-2025» бағдарламасы басталды

Арқалықта «Жаз-2025» бағдарламасы басталды

Бағдарламаның мақсаты – жаз мезгілінде балалардың бос уақытын тиімді өткізу, қауіпсіз пайдалы демалысын ұйымдастыру, шығармашылық, мәдени-көркем, спорттық және танымдық қабілеттерін дамыту.

Осыған орай, жазғы алаңдар мен үйірмелер өз жұмыстарын бастап кетті. Балаларға көңілді аула демалысын ұйымдастырғандардың бірі – №7 – ші «Келешек мектеп» ұжымы.

Ауладағы демалыс қызықтары мектеп жанында орналасқан «Ардагерлер саябағында» көрініс тапты.

Саябақ ішіне жалаушалар, шарлар ілініп, әсем әуен шарықтады. Балалармен түрлі ойындар ойнатылып, олардың өз өнерлерін көрсетуге де мүмкіндік берілді. Даланы әсем сазбен жаңғыртқан жас өрендердің әуелеген ән-жырын жағалай тұрған көпқабатты үйлердің тұрғындары екі сағат бойы тапжылмай тамашалады.

«Бүгін барлық қала және ауыл мектептерінде балаларға мектепшілік жазғы лагерлер ашылып жатыр. Дүйсенбіден жұмаға дейін күнде кешке қарай осы жерде балалармен уақыт өткізетін болып шештік. Балалар көп жиналып, лагеріміздің жұмысы көңілді өтіп жатыр. Балалар бос уақытында телефон қарап отырмай, демалыстарын тиімді өткізетін болады», – дейді мектеп басшысы Ақтоты Жанаралқызы.

Лагерь — спорттық ойындарды, интеллектуалдық ойындарды, музыка, сурет сайысы сияқты басқа да қызықты дүниелерді қамтиды.Қалалық білім бөлімінің дерегіншеқала және ауыл мектептері бойынша мектеп жанындағы 25 жазғы алаң, 30 кешкі аула алаңы жұмыс істейді. Жалпы, 1-10 сынып аралығындағы 6266 оқушы түрлі үйірмелер мен клубтарға тартылады.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген – автор

Арқалық қаласы