Арқалықта «Жас сарбаз – 2024» әскерилендірілген сайысы өтті

Арқалықта «Жас сарбаз – 2024» әскерилендірілген сайысы өтті

Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен мектеп жанында алғашқы әскерге дайындық сабақтарының жұмысын жетілдіру қолға алынған болатын. Осындай мақсатпен Арқалық қалалық білім бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша «Ұлы елдің ұландары» жобасы аясында қала және ауыл мектептерінің арасында «Жас сарбаз – 2024» әскерилендірілген сайысы өтті.

Жасөспірімдердің отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастыру, патриоттық тәрбие беру, отан алдындағы міндеттеріне баулуды көздеген сайысқа 10 команда қатысып, оқушылар әскерилендірілген 5 сайыс бойынша бақтарын сынады.

Атап айтсақ, «мылтық ату», «турникке тартылу», «автоматты құрастыру», «денемен прес жасау», «әскери эстафета» сынды 5 кезеңнен тұрған әскерилендірілген сайыста жалпы командалық есеп бойынша бірінші орынды Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектебі, екінші орынды Родина ауылынан Ә.Бөкейханов атындағы мектеп, үшіншіорынды Кейкі батыр атындағы №4 мектеп пен Восточный ауылының мектебі иеленді.

«Мен бұл сайысқа көптен бері қатысамын. Қазір 11 сыныпта оқимын. Барлық әскери дайындық түрлерін жетік меңгеріп, үйреніп алдық. Бүгінгі жаттығуларымыздың ертеңгі үлкен өмірге қадам басқан шағымызда қажеттілігі зор деп есептеймін. Отан алдындаға әскери борышымызды өтеуге жауынгерлік тәсілдердің бәрін біліп, сапта қызмет етуге дайын болып барамыз», – дейді сайыста белсенділік көрсеткен жүлдегер команданың мүшесі, №4 мектептің оқушысы Әділет Бақберген.

Қызықты әрі тартысты өткен сайыс жеңімпаздарына арнайы дипломдармен статуэткалар және бағалы әскери киімдермен құралдар тапсырылды.

Жобаны қалалық «Жастар-Азаматтық бастамалар орталығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ 

Суреттерді түсірген  автор

Арқалық қаласы

 

Жаңалықтармен бөлісу