Арқалыққа «BAZIS – A» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Александр Белович арнайы іссапармен келіп, көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесті.
Компанияның өз қаражатына салынатын 50 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй құрылысының таныстырылымын жасады.
Таныстырылымға тұрғындармен бірге Қостанай облысы әкімінің экономикалық сұрақтар жөніндегі кеңесшісі Ерлан Спанов, Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов және Аманкелді, Жанкелдин аудандары әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Құрылыс компаниясы директорлар кеңесі төрағасының айтуынша, жаңадан салынатын елу пәтерлі үйдің ауласы абаттандырылып, елу түп ағаш отырғызылады. Салынатын үйдің құрылымында барлығы да үш бөлмелі пәтерлер болады. Жеделсаты жұмыс істейді. Жоспарға сай алдағы қыркүйек айының басына дейін үй пайдалануға беріледі. Жылу беру уақытында үйді компания өзі жылуға қосып, тексеретін болады.
Кездесуде тұрғындар өздерін мазалаған сұрақтарға жауабын алды. Жанкелдин ауданы Саға ауылының тұрғыны Нұржан Әлихан үкімет алып беріп жатқан пәтерлерден баспана алып үлгірмеген. Ол өзінің бастапқы ойын өзгертіп, жаңадан салынатын үйден үміткер болғысы келеді. Бұл сұрақ қанағаттандырылды.
Себебі, тұрғын атына пәтер рәсімдемегендіктен салынатын үйден үй алуға құқы бар. Арқалық қаласына қарасты Қызылжұлдыз ауылының тұрғыны Бердібай Дүйсенбектің көкейіндегі де дәл осы сұрақ екен. Баласы көңілі қалаған пәтерін әлі кезіктіре алмай жүр екен.
Берілетін үйдің өз аттарына жазылуы көптің көкейіндегі сұрақ. Бұл сауалға жауап мынадай:
«Тұрғындар қираған үйлерін жерімен бірге жергілікті әкімдіктерге тапсырады. Жаңа үйдің құжаты келісім арқылы тұрғындардың атына басыбайлы аударылып беріледі”.
Құрылысшылар қаладан салынып жатқан 50 пәтерлі үйдің болашақ пәтер иелеріне сертификаттарды салтанатты түрде табыстады.
Қазіргі таңда Арқалық қаласы бойынша көктемгі су тасқынынан үйлері тұруға жарамсыз болып қалған 65 отбасы келісімін беріп, оларға қаладан пәтер сатып алынып берілді. Ал, 17 отбасы салынатын үйді күтетіндіктерін айтқан болатын.
Көршілес Аманкелді ауданынан 7 отбасы, Жанкелдин ауданынан 9 отбасы тізімге еніп тұр. Тізімдегі барлық отбасылар сертификатқа ие болды. Тізім әлі де толығатын болады.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы