Арқалықта кен өндіру ісі тоқтағанымен, қала тіршілігі тежеліп қалмады. Қаланың «даму бағдарламасы» әзірленіп, балама жұмыс көздері ашылды.
Ауылшаруашылық саласы, кәсіпкерлік нысандары қанат жайды. Жаңа бағытта «Арқалық-Шұбаркөл» теміржол желісі тартылып, Арқалық тұйықтағы қаладан транзиттік шаҺарға айналды. «Агроинтер құс”, “Торғай ет” сияқты көптеген инвестициялық зәкірлі жобалар жүзеге аса бастады.
Боксит кені дегенде өңірдің өркендеуіне үлес қосқан көнекөз қария, Арқалық қаласының құрметті азамат Қайырден Тұрсынбекұлы«Арқалықтың бокситінің қоры мол екенін, сапасы жоғары екенін табандылықпен дәлелдеп, оны өндіруге жол ашқан адамдардың бірі Николай Аштарұлы» екендігін алға тартады.
“Мен сол уақытта бокситті зерттеген экспедиция басшысы Калменовтың жүргізушісі болдым. Сол кісі айтып отыратын «Арқалықтың бокситі қаладан елу шақырым қашықтықта жатқан Жалғызтал ауылына дейін жалғасып жатыр деп. Боксит қоры 125 жылға дейін жетеді» дейтін. Кен өндірісі 1961 жылы басталғанын ескерсек, оны әлі көп жыл өндіруге болады деп ойлаймын”,-дейді абыз ақсақал.
Мамандардың айтуынша экологиялық кодекске байланыстыәр кәсіпорын жұмысты бастаған және жұмыс істеп жатқан кезде рұқсат етілетін нормалары болады. Ауаға шығатын қандай заттар бар, қатты тұрмыс қалдықтардың көлемі қаншалықты, қалай утилизация жасалады соның бәрі кодекске сай жасалады. Кәсіпорындар оның бәрінің есептерін жүргізуге міндетті. Сол бойынша құзыретті органдар оларды тексереді. Егер, бір жерінен ауытқулар болса, онда оларға айыппұлдар салады, яғни қалпына келтіру бойынша жұмыстар жасайды. Сондықтан, бұрынғы игерілген кен орындарының барлығын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, үкіметке қайтадан тапсырулары керек.
“Қазіргі таңда, бұрынғы ТБКБ аймағына «Concrd Invesent» ЖШС келіп, бір учаскеде жұмыс істеп жатыр. Олар осыған дейінгі шығарылған отқа төзімді саздарды жөнелту жұмыстарын жүргізуде. Бұл кісілер қазір жаңа кен орнын ашуға лицензия ала алмай отыр. «Үштөбе» деген кен орны бар. Оған лицензия алу үшін бұрынғы 722 гектар жер рекультивация жасалып қайтарылуы керек еді. Кен орнының қайтарылғанын күтуде. Қайтарылған жағдайда кен орнын ашып, жұмыс жасауға дайын отыр. Жоспарлары үлкен. Кен орны ашылса 600-ден астам адамды жұмысқа алмақшы. Отқа төзімді саз және қосымша қандай қазба байлықтар бар соларды өндіреді”, – дейді Арқалық қаласы әкімінің орынбасары Абзал Ташимов.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы