Арқалықта жаңа балабақша ашылды

Арқалықта жаңа балабақша ашылды

Тәуелсіздік күні қарсаңында пайдалануға берілген балабақша 148 орынға шақталған.

Бөбекжайдың салтанатты ашылуында қалалық мәслихаттың төрағасы Гүлбану Елтебаева құттықтау сөз сөйлеп, бұл игілікті істің болашаққа нық қадам басатын, саналы, отансүйгіш азамат тәрбиелеу бағытында жасалып жатқан оң істердің бірі екенін атап өтті.

  «Бүгін Тәуелсіздік күні қарсаңында «Ақбота» бөбекжайының екінші ғимаратында жаңа балабақша ашылып отыр. Бұны қаламыздың даму жолындағы жоғары бір сатысы деуге болады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында 2025 жылға дейін 6 жасқа дейінгі балалар мектепке дейін тәрбиелеу және оқытумен 100% қамтамасыз ету қажеттігін айтқан болатын. Қазіргі таңда Арқалық қаласында балабақша кезегінде 633 бала тұр. Бұл мәселені шешу жолында алдағы жылы қаламызда жаңа балабақша бой көтереді деген жоспар бар»,– деді қалалық мәслихат төрағасы Гүлбану Төкенқызы.

Келесі кезекте ата-аналар атынан құттықтау сөз алған Бекзат Қуанышқызы жаңа балабақшаның ашылуына қуанышты екендіктерін айтып, бала болашағына қамқорлық жасап отырған ел ағаларына алғысын білдірді.Жаңа бөбекжайдың лентасын қию рәсімі қалалық Аналар кеңесінің төрағасы Бақытжамал Қалтаева мен балабақша балақайларыныңәжесі, зейнеткер Клара Жанұзаққызына ұсынылды. Ұлттық салт-дәстүрімізге сай шашу шашылып, бата берілді.

 Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген – автор

Жаңалықтармен бөлісу