Арқалықта волейболдан еске алу жарысы өтті

Арқалықта волейболдан еске алу жарысы өтті

Арқалықта 15 ақпан – Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 36 жыл толуына орай Ауған соғысының ардагері  Марат Батырханұлы Балдиковті еске алуға арналған волейболдан ерлер командалары арасындағы қалалық турнир жалауын көтерді.

Турнирдің салтанатты ашылуында ел әнұраны асқақтап, Ауған соғысының ардагері бір минуттық үнсіздікпен еске алынды.

Қала әкімінің орынбасары Ерлан Раисов пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров құттықтау сөз сөйледі. Марқұмның достары, бауырлары, балалары естеліктерімен бөлісті.

Марат Батырханұлы 1987 жылы мамыр айында әскер қатарына шақырылып, Ауған жерінде 181-ші атқыштар полкінің «Град» дивизионында әскери борышын абыроймен атқарып келді. Ауғанстанның оңтүстік – шығысындағы Гардез қаласына бірнеше мәрте жауынгерлік тапсырмалармен шығып, әскери міндетін жоғары деңгейде орындаған.

Ауған жерінен оралған соң 1999 жылдан өмірінің соңына дейін Кеден саласында нәтижелі қызмет атқарды. Қандай да бір болмасын қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосты.

Бір үйден екі соғыс ардагері шыққан. Әкесі Батырхан Ұлы Отан соғысына қатысқан.

«Алып тұлғалы азамат гитарасын қолына алып, жауынгерлік әндерді асқан бір тебіреніспен шырқайтын. Үлкен – кішіні асқан кішіпейілдігімен баурап алатын», – деп еске алады елі.

Ардагер азаматты еске алу турнирінде қаладағы «Жігер» стадионында 9 команда сынға түсті.

 

Олардың арасында қала әкімдігінің командасы, қалалық ішкі істер басқармасы, Қостанай оңтүстік электр желісі мекемесі, Жұмыспен қамту бөлімі, «Жігер» стадионы, №4 мамандандырылған өрт сөндіру мекемесі, сондай-ақ қалаға қарасты оқу орындарының командалары бар.

Еске сала кетсек, он жылға созылған Ауған соғысында 22 мың отандасымыз ерліктің ерен үлгісін көрсеткен.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ 

Суреттерді түсірген автор

Арқалық қаласы

 

Жаңалықтармен бөлісу