Музейде көркемөнер көрмесінің тұсауы кесілді

Музейде көркемөнер көрмесінің тұсауы кесілді

Биыл «Дала өлкесі тарихы» облыстық музейінің ашылғанына 50 жыл толып отыр. Торғай тарихының алтын қайнары, қасиетті елдің қастерлі мұраларының басын қосуда мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің орны бөлек.

Қазыналы орда ғимараты жақында күрделі жөндеуден өтті. Осы жылы ішінде реставрация жүргізуге қомақты қаржы бөлінді. Алдағы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында бұл жұмыстар мәресіне жетеді деп болжанып отыр.

«Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында музейде көркемөнер көрмесінің тұсауы кесілді. Белгілі өлкетанушы, қолөнер шебері Шөптібай Бәйділдәұлы мен еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз Қанжар Саламатов лентасын қиып, қалалық мәслихат төрағасы Гүлбану Елтебаева, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының деканы, ақын Айбек Қалиев, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлім Хамзина және театр, кітапхана тәрізді мәдениет ошақтарының басшылары құттықтау сөз сөйледі. Ал, ғылыми қызметкер, жас ақын Ернұр Әуезхан арнау жырын оқыды.

«Музей және көркемөнер туындылары» атты көрмеде музей қорындағы қолданбалы өнердің үлгілері қойылған. Сондай-ақ, атақты суретшілер Ә.Қастеев, Қ.Телжанов, К.Шаяхметов, Купряшин, Нестерова, Бакашев секілді көрнекті суретшілердің де туындыларын тамашалауға болады.

«Іс-шараның негізі мазмұны рухани құндылықтарды дәріптеуге арналған. Әсіресе, жас буынға қолданбалы өнердің қасиет-киесін, белгілі қылқалам шеберлерінің кім екенін ұғындыру ләзім», – дейді ұйымдастырушылар.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ.

Суреттерді түсірген автор.

Арқалық қаласы.

Жаңалықтармен бөлісу