Арқалықта ұлттық ат спортының фестивалі өтіп жатыр

Арқалықта ұлттық ат спортының фестивалі өтіп жатыр

Ұлттық рухымызды асқақтатып, батырлық пен ерлікті, халқымыздың сан ғасырлық салт-дәстүрін дәріптейтін ауқымды іс-шараның салтанатты ашылуында еліміздің әнұраны ойнатылып, қала әкімі Әмірхан Асанов құттықтау сөз сөйледі.

Айтулы ат спорты ойындары Арқалық қаласы әкімдігінің әлеуметтік тапсырысы аясында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналып өткізілуде.

«Бұл фестиваль халқымыздың бай мәдени мұрасын, ерлік пен серіліктің айғағы болған жылқы жануарына деген ерекше құрметімізді паш етеді.  Ат жалында өскен ата-бабаларымыздың асыл дәстүрі бүгінгі ұрпақпен қайта жаңғырып, ұлттық рухты биіктете түсуде», – деп атап өтті қала әкімі Әмірхан Асанов.

Ел-жұрттың делебесін қоздырған ұлттық ат спорты ойындарының бастамасында қаланың көпті көрген абыз ақсақалы Мұхтар Ходенов ақжолтай батасын берді.

Халқымыздың дәстүрімен шашу шашылып, ипподром аспанында әсем әуен қалықтады.

Бүгін командалық көкпар ойынынан Жітіқара, Науырзым, Аманкелді, Жанкелдин аудандарынан және алаң иесі Арқалық қаласының командалары бақ сынасуда.

Ертең түрлі қашықтықтағы ат жарыстары басталады.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

                                                                                                       Арқалық қаласы.