Арқалық қаласындағы “Дала өлкесі тарихы” облыстық мұражайында Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі, АрқПИ құрметті профессоры Ардақ Абдуллинамен “Ұстаз деген – ұлы есім” атты кездесу кеші өтті.
Ардақ Әмірханқызы – Ыбырай Алтынсариннің алғаш шәкірті болған Досжан, Досмағұл, Мұқан Тоқтабаев, Кәрім Досжанұлы секілді ұстаздар династиясының жалғасы. Досжан Нұрғали Құлжановтың, Досмағұл Спандияр Көбеевтің ұстазы болса, Мұқан Тоқтабаев Алаш арыстары – Міржақып пен Сейдәзім Кәдірбаевқа алғаш хат танытқан мұғалімі болды. Ал Кәрім Тоқтабаев Қазақ КСР орталық атқару комитеті халық ағарту комиссары болып қызмет атқарған. Ардақты ұстаздың әкесі Әмірхан Абдуллин ұзақ жылдар бойы Жангелдин аудандық «Жаңа өмір» газетінің редакторы қызметін атқарған, Торғай өңіріне белгілі қаламгер. Әмірхан Нұржанұлы 1980 жылдардан бастап Торғай тарихына, оның ішінде 1916 жылғы Ұлт-Азаттық көтерілісіне қалам тартып, алғаш балаларға арнаған «Сарбаздар», «Қызыл керуен», «Қанжар» атты әңгімелер жинақтарын жариялады. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұрын айтуға тыйым салынып келген, алаш арыстары жайында зерделеп, 2000 жылы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына арналған «Қос арыс» атты кітабын шығарды. Қазақ тарихының көне куәгері Торғай тауарихына қатысты шыққан «Тарихи Торғай» атты еңбегі де өңіріміздің өткенін зерттеушілерге құнды кітап.Осындай текті бабаларының жолын жалғаған Ардақ Әмірханқызының да бар саналы ғұмыры ұстаздық жолға бағытталып келеді. Еңбек жолын алғаш Ы.Алтынсарин атындағы Торғай қазақ орта мектебінде ұстаздық жолды бастаған Ардақ Әмірханқызы 1992 жылдың желтоқсан айында арнайы шақырумен Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтына қызметке тұрады. Содан бері табаны күректей отыз жылдан астам уақыт бойы өз саласында жемісті де, жеңісті, абыройлы еңбек етіп келе жатқан ұстаздың есімі өз шәкірттеріне ғана емес, тұтас Торғай халқына қадірлі деуге болады. Ұстаздық жолды ғана ұстанбай, ғылымға да ден қойған зерттеушінің ғылыми мақалалары шет елдік басылымдарда, Білім және ғылым министрлігінің ғылым комитеті бекіткен журналдарда, «Ақиқат», «Абай», «Үркер», «Ұлт тағылымы» т.б. журналдар мен «Қазақ» газетінде үздіксіз жарияланып тұрады.
«Нұрхан Ахметбековтің әдеби мұрасы», «Қайраткер, ғалым, қаламгер Ахмет Байтұрсыновтың әдеби мұрасы» атты оқу құралдары мен «Ақан Нұрмановтың әдеби мұрасы» атты монографиясы, “«Жас маманға жәрдем» (студенттерге арналған көмекші құрал), «Ақын Н.Ахметбековтің «Күләндам» жыр-шежіре дастанының тілдік ерекшелігі», «Синтаксис әлеміне саяхат», «Жазба жұмыс түрлері» атты оқу құралдары, «Тілдік қатынас негіздері» атты электронды оқу құралы мен сексен шақты ғылыми мақалалардың авторы.
Ардақ Әмірханқызы 2003 жылдың 30 қаңтарында ҚР ҰҒА коор. мүшесі, ф.ғ.д., профессор Р.Н.Нұрғалидың жетекшілігімен «Ақан Нұрмановтың характер жасау шеберлігі» тақырыбында кандидаттық диссертацияның тақырыбы бекітіп, 2010 жылы кандидаттық дисертацияны алдын-ала қорғаудан сәтті өткенімен, диссертация қорғау жүйесі өзгеріп, бұрынғы диссертациялық кеңестің жабылуына баяланысты, филология ғылымының кандидаты атағын алу сәті түспейді. Бұған мойымаған ғалым өз жұмысын жалғастырып, 2015 жылы Астана қаласындағы Тұран-Астана университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша педагогика ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесін алды. Білім және тәрбие беру саласындағы атқарған абыройлы еңбегі үшін әр жылдары «Ұлы ағартушыға 175 жыл» естелік төсбелгісімен, «Алаш ұстазы» медалімен (куәлік №117) және әртүрлі алғыс хаттар мен, дипломдармен марапатталды. 2023 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының Құрметті профессоры атағы берілсе, биылғы қазан айында тіл саясаты саласын дамытуға, қазақ тілін қолдану аясын кеңейтуге қосқан елеулі үлесі үшін ҚР Ғылым және Білім министрі Саясат Нұрбектің Құрмет дипломы табыс етілді.Ұлағатты ұстазбен болған кездесу кешіне Ардақ Әмірханқызының алғашқы шәкірттері, қазіргі кезде өзімен қызметтес болып жүрген философия ғылымдарының кандидаты Гүлбаршын Спанқызы Конкина, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, АрқМПИ құрметті профессоры Зинайда Шәкірқызы Қолдасбаева, ф.ғ.к Айбек Киікбайұлы Қалиев, т.б. құрметті қонақтар қатысып, өз лебіздерін білдірді. Олар Ардақ Әмірханқызының жоғарыда атап өтілген бар еңбегі сараланып айтып, келген қонақтар ризашылық көңілмен қайтты.
Аружан Қаженова
“Дала өлкесі тарихы” облыстық мұражайының экскурсия жетекшісі