Арқалықта шырша шамы жағылды

Арқалықта шырша шамы жағылды

Орталық «Наурыз» алаңында қала өнерпаздарының театрландырылған қойылымы жұртшылық назарына ұсынылып, Аяз ата мен Ақшақар бастаған ертегі кейіпкерлері кештің сәнін келтірді. Қоян жылы қол бұлғап, жаңа Ұлу жылы төрге озды.

Қиял – ғажайыпқа толы әсем шырша кешінде жиналған қауымды қала әкімі Әмірхан Асанов құттықтап, жыл айрығындағы жылы лебізін білдірді.

   «Өтіп бара жатқан жыл еліміз үшін табысты, әрі берекелі жыл болып, маңызды саяси оқиғаларымен есте қалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында көрсетілген ауқымды саяси өзгерістер мен әлеуметтік-экономикалық бағыттағы оң шешімдер халыққа жігер беріп, болашаққа деген сенімін арттырды.

Биыл Арқалық қаласында халық үшін аса маңызды жылу және су жүйелері жаңартылып, қала тұрғындарының көп жылдан бергі қордаланып келген күрделі мәселесі шешімін тапты. Көппәтерлі 41 тұрғын үйге жөнделіп, қала және қалаға қарасты ауылдардың жолдарына асфальт төсеу және көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Орталықтандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Қала аймағында спорттық алаңдар мен балалардың ойын алаңдарын орнату жобалары жалғасын тапты. Қоғамдық маңызы бар осындай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады», – деді қала әкімі Әмірхан Асанов.

   Еңселі шырша қызығы ұзақ уақыт толастаған жоқ. Арқалық аспанында әсем ән мен тәтті күй қалықтап, думанды кеш көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ 

Суреттерді түсірген автор

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу