Апатты жағдайларды алдын алу – кезек күттірмейтін іс. Халықтың амандығын сақтауда барлық іс-қимылдар нақты әрі шапшаң болуы тиіс.
Арқалықтағы «Қыс-2023» республикалық командалық-штабтық жаттығуын тексеру барысында қала әкімі Әмірхан Асанов бастаған комиссия осыны басшылыққа алды. Қаладағы азаматтық қорғау жүйесі шұғыл әрекет ету отрядтарының даярлықтары тексерілді.
Қала аумағында қыс мезгілінде адамдар далада қалып қойған жағдайда оларды құтқару үшін барлық жауапты мекемелердің күш-көліктері, құрал-саймандары, қосалқы жабдықтарының болуына жіті назар аударылды.
Комиссияның арнайы тексеруінен кейін республикалық оқу-жаттығу шеңберінде екі тактикалық жаттығу өткізілді.
Оның бірі – қар құрсауында қалып қойған көліктерден адамдарды эвакуациялау және жедел жәрдем көмектерін көрсету. Екіншісі – жылу құбырларында орын алған аварияларды қалыпқа келтіру.
Нәтижесінде, барлық сала мамандары өз міндеттерін асқан шеберлікпен атқарып шықты. Қар құрсауындағы адамдар құтқарылды. Бүлінген жылу жүйесі қалпына келтірілді. Оқу – жаттығуды қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау майоры Асылхан Нұрғалиев қорытындылап, ортақ іске атсалысқандардың баршасына ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор