Дәстүрлі Құрбан айт мерекесіне орай қаладағы Қайрат спорт кешенінде қазақша күрестен ұлттық сайыс көрініс тапты.
Жарыстың бастамасында еліміздің Әнұраны салтанатпен ойнатылып, қалалық мешіттің бас имамы Балғабай Оразханұлы жиылған жамағатты құттықтады.
Балтасар Ізтелеуов,
Амангелді ауданының спортшысы:
«Амангелді ауданы жамағатының атынан Арқалық қаламыздың 70 жылдық мерейтойына арналған қазақ күресіне бақ сынап келіп отырмыз. Турнирге жан – жақтан ылғи алпауыт азаматтар жиналған екен. Алла бағымызды жандырса ауылымызға абыроймен қайтамыз деген ойдамыз. Құрбан айт мерекесімен барша мұсылмандарды құттықтаймын. Айттан айтқа аман – есен жете берейік».
Азамат Ерәділов,
Арқалық спорт мектебінің жаттықтырушысы, Халықаралық дәрежедегі төреші:
«Кейінгі жылдары мешіт тарапынан ұлттық спортымыздың дамуына көп қолдау көрсетіледі. Құрбан айт мейрамы барлық отандастарымызға құтты болсын. Асыл дініміз әрдайым ардақтала берсін».
Балғабай Шәйкемелов,
Арқалық қалалық мешітінің бас имамы:
«Қаламыздың мешітінде таңнан бастап айт намазы оқылды. Мешіт асханасында мерекелік дастархан жайылды. Арнайы орында халық өзінің құрбандықтарын шалды. Жарысты жастарды салауатты өмір салтына бейімдеу үшін ұйымдастырдық. Жарыстың өтуіне қаламыздың кәсіпкерлері демеушілік жасап отыр. Жалпы жүлде қоры 500 мың теңгені құрайды. Осындай, жалпыхалықтық іс-шара өткізуге қолдау көрсеткен демеушілерімізге де зор алғысымызды білдіреміз».
Турнирде балуандар 80 келі және одан жоғары салмақта екі салмақ дәрежесінде сынға түсті.

Жарысқа Қостанай, Рудный, Арқалық қалалары мен Амангелді, Жангелдин, Әулиекөл, Наурызым аудандарынан спортшылар қатысты.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
