Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы кітап оқу екендігін айтып, кітап оқу мәдениетін барынша қалыптастыру қажеттігін айтқан болатын. Осыған орай, елімізде атаулы күндердің тізбесі «Ұлттық кітап күнімен» толықты.
Ұлттық кітап күніне орай Родина ауылында орналасқан Арқалық қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінде «Кітап және қаламгер» атты кездесу кеші ұйымдастырылды.
Кездесуге Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің профессоры Ардақ Абдуллина, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Батырлан Сағынтаев, Родина ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байжан Әбілов және жергілікті БАҚ өкілдері арнайы шақырылып, төрден орын берілді.
Кешті қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов құттықтау сөз сөйлеп ашып, қалам ұстаған аға буын өкілдері, журналистер ой-толғамдарын ортаға салды.
Сөз алушылардың бәрі де кітап оқудың маңыздылығына тоқталып, жастарды білім нәрімен сусындауға шақырды.
«Төртінші сыныптан бастап батырлар жырын әкем дауыстап оқытатын. Мен отбасында жалғыз ұл болдым. Кітаптың тұңғиығына кіріп кетесің. Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенберлин, Әзілхан Нұршайықов, Бердібек Соқпақбаев сынды заңғар жазушыларымыздың кітаптарын таласып – тармасып оқыдық. Кітап оқу үшін кезекке тұратынбыз. Балаларымызды да кітапқа құмар етіп өсірдік. Қазір немерелерім бірінен соң бірі кітап жөнінде өтіп жатқан әдеби сайыстардан жүлде алып қуантып жатыр», – дейді Байжан ақсақал.
Тағылымды кешті кітапхана басшысы Дәмет Есенжолқызы қорытындылап, қонақтарға естелік сыйлықтар табыс етті.
Мерейлі мерекенің құрметіне ән – жырдан шашу шашылды.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы