Жергілікті басқарманың учаскелік полиция инспекторы Нұрлыбек Қаринге жазатайым оқиға туралы хабар келіп түсті. Оқиға орнына барса, тереңдігі 4 метр болатын кәріз құдығына құлап кеткен әйелді құтқаруға бірнеше адам жиналып қалған екен.
Полиция дереу іске кіріседі.
“Қызметтік көлікте болған құтқару сым арқанын алып, оны кәріз құдығына салдым.
Әйелден оны кеудесіне байлауын сұрадым. Ол ауыртпалықтан айқайлады, бірақ сонда да ол менің айтқанымдай істеді. Кәріз құдығынан оны ақырындап сыртқа шығара алдық”, – дейді учаскелік полиция қызметкері.
Патрульдік полиция қызметкерлері Руслан Капсаматов пен Мұрат Жамалиев көмекке келді. Олар әйелді қызметтік көлікке отырғызып, қалалық ауруханаға жеткізді.
Ауруханада жергілікті тұрғын осы құдықтың жанындағы үйде тұратынын айтты.
“Жездемен бірге біз үйден шығып, шаруалармен бара жаттық. Мен аяғымның астында ағаш тақтайшалармен жабылған кәріз құдығын байқамадым. Туысым оны айналып өтті, ал тақтайшаларды басқан мен, төмен қарай құладым”, – деп есіне алды қауіпті жағдайдан құтқарылған Арқалық қаласының тұрғыны.
Өзінің айтуынша, абайсызда құлап кеткен әйел бір өлімнен осылайша аман қалды. Алайда, бірнеше жерден қабырғалары зақымданған. Су арнасының қауіпті жағдайы туралы полицейлер жергілікті әкімдікке дереу хабарын берді.