Арқалықта наурыз мерекесі қалай тойланып жатыр?

Арқалықта наурыз мерекесі қалай тойланып жатыр?

Бүгін ұлыстың ұлы күні наурыз мерекесіне орай белгіленген он күндік аясында «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні» кеңінен аталып өтіп өтті.

Қаладағы «Дала өлкесі тарихы» облыстық музейінде «Наурыз – думан тамаша» атты көрініс тапқан мерекелік іс-шарада ең алдымен музей фоесіне ұлттық қолөнер көрмелері қойылып, ел ішіндегі шеберлердің қолынан шыққан ою-өрнектер, зергерлік бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды.

Тұтас бір қабырғаны алып тұрған ою – өрнек көрмесінде белгілі қолөнер шебері Шөптібай Байділдәұлының өз қолынан шыққан еңбектер насихатталды.

Сондай-ақ, «Айша» сауда үйінде ұстахана ұстайтын Жайсан атты жас зергердің көз майын тауысып жасаған сақина, жүзік, білезіктері де көрермендердің қызығушылығын молынан тудырды.

Қазақтың киіз үйінің ішкі құрылысын еркін сипаттайтын: төрінде жүгі жиналған, керегесінде аң терілері, ұлттық саз аспаптары ілінген, босағасында асадал, күбі, диірмендері қойылған сахналық қойылымдарда қария халқымыздың көне дәстүрінде Наурызда орындалатын рәсімдер «Салдама кітабын» оқып, бойжеткен «Самалық» жырын айтты. Ақындар «Жұмбақ айтыс» жасап, «Наурызша», «Наурызек», «Наурызшешек», «Наурызтөл» сияқты атаулардың сыр-сипатын ашты.

Жігіт қызға «селтеткізер» ырымын жасап, жас арудың «Ұйқыашар» кәдесін алды. Бәйбіше қартқа «белкөтерер» беріп, мәзірлі дастархан басына жайғасқандар жаппай наурызкөжеден дәм татты.

Ұлттық салт-дәстүр қанат жайған тағылымды көріністерді күйшілер күймен әрлеп, қаланың абыз ақсақалы Мұхтар Ходенов наурыз батасын берді.

 

Ілкімді іс-шараға қала тұрғындарымен қатар қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров, Арқалық қаласының құрметті азаматы Бақытжамал Қалтаевалар қатысты.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Арқалық қаласы

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу