Арқалықта мал шығыны толық өтелуге жақын қалды

Арқалықта мал шығыны толық өтелуге жақын қалды

Мемлекет басшысының төтенше жағдайдан зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсету тапсырмасына сәйкес бұл жұмыстар кезең-кезеңмен жүзеге асырылып жатыр.

Арнайы комиссия апат болған елді мекендерді аралап, өлген малды есепке алып, мал өлекселелірін залалсыздандыру жұмыстарын жеделдетіп жүргізу үстінде.

«Су тасқынынан зардап шеккен ауылдар мен шаруашылықтарды аралап жүрміз. Көктемгі су тасқыны кезінде мал шығыны көбірек болған Арқалық қаласына қарасты Қайыңды ауылдық округі, Әбдіғаппар хан ауылы, Екідің және Жалғызтал ауылдары”, – Арқалық қаласының аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерге келтірілген материалдық залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссияның мүшесі, Арқалық қалалық ветеринария станциясының басшысы Қайрат Қайнулдин.

Бірінші кезеңде осы ауылдардың тұрғындары 214 бас малдың өтемақысын (13 млн 729 мың 149 теңге) алған. Екінші кезеңде 241 бастың (25 млн 186 мың 857 теңге) өтемақысы төленсе,  енді үшінші кезеңде 827 бас малдың өтемақысын төлеуге шешім шығып отыр. Оны таяуда төлей бастайды.

Санақ бойынша өлген малдардың бәрі залалсыздандырылды. Барлық сандары есептеліп, тиісті орындарға уақытылы беріліп отыр. Комиссия мал иелерімен бірге жұмыс істеді.

«Қазіргі таңда мал шығынын өтеу жұмыстарын 73 пайыз орындадық. Өлген малдар әлі де шығып жатыр. Кеше де бардық. Қораларды тазалағанда алдыңғы санақта 16 бас өлген болса, кейін ол 56 бас болды. Мал өлекселері жабылып, құмның, қорданың арасында көміліп қалған. Сол себепті жұмыс әлі жалғасып отыр”, – дейді Қайрат Қайнулдин.

Мал иелері өтемақы алу үшін құжаттарын тапсырады.

«Құжаттарымызды енді тапсырып жатырмыз. Топан су тұтқиылдан келгенде жеке меншік 40 бас қойымнан айрылдым», – дейді Екідің ауылының тұрғыны Нағашыбай Бірмағанбетов.

Алапат су тасқыны бұл азаматтың үйі мен қорасын да шайып кеткен. Жұбайы және бес баласы бар. Қазіргі таңда қаладан үй алуға ниетті.

 Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ 

Суреттерді түсірген автор

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу