Арқалықта мал ауруларын қадағалау күшейтілді

Арқалықта мал ауруларын қадағалау күшейтілді

Қала әкімі Әмірхан Асановтың төрағалығымен өткен ведомствоаралық жиында Қазақстан Республикасының бруцеллезге қарсы қадағалау саласындағы қолданыстағы заңнамасын іске асыру жұмыстары қаралды. 

Кеңейтілген кеңеске денсаулық сақтау өкілдері, ауыл және ауылдық округтер әкімдері, малдәрігерлері, учаскелік инспекторлары қатысты.

Күн тәртібінде: мал дертін анықтау жұмыстарын жандандыру, саудаға шығарылатын ет өнімдерін жіті қадағалау, тізімде жоқ малдарды есепке алу сынды көптеген мәселелер қаралды. Жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктелді.

2024 жылдың 9 айында Арқалық қаласында ауыл шаруашылығы жануарларының аса қауіпті жұқпалы ауруларының ошағы тіркелмеген. Дегенмен, жыл сайын ірі қара малдың бруцеллез ауруына оң нәтиже беретін жануарлар әлі де анықталуда.

Арқалық аумақтық ветеринарлық инспекциясының басшысы Марғұлан Қойшанұлының мәлімдеуінше Ірі қара мал бруцеллезі эпизоотиялық жағдайына жүргізілген талдау соңғы 5 жылда бруцеллездің өсу үрдісінің 0,4 % -ке төмендегенін көрсетеді.

Зертханалық диогностикалық тексеру қорытындысы Арқалық қаласымен оған қарасты Қайыңды ауылдық округінде ірі қара малдың бруцеллез ауруының жағдайы күрделі күйде екендігін байқатады. Аталған уақыт ішінде 34 бас ірі қара малдың ауруға шалдыққаны анықталған. Бруцеллезге оң нәтиже берген жеке шаруашылықтардағы барлық жануарлармен байланыста болған адамдар тексеріліп, дертті малдар санитарлық союға жіберілген.

Әкімшілік істер туралы айта кетсек, жыл басынан бері 19 жеке тұлғаға 369 мың 200 теңге айыппұлмен әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ, ветеринариялық қадағалауға жататын жүктерді тасымалдау кезінде ережелерді сақтамағаны үшін 8 жеке тұлғаға 36 мың 920 теңге, ветеринарлық – санитарлық қауіпсіздік талаптарын сақтамаған 7 жеке тұлға 46 мың 150 теңге айыппұл салынған.

 

                                          Мұрат Жүнісұлы                                                                                Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу