Арқалықта көпбалалы анаға халық үй сатып алып берді

Арқалықта көпбалалы анаға халық үй сатып алып берді

Төрт баланың анасы Гүлнар Табынбаева қалалық мешіттің қызметшісі болып ұзақ жылдан бері еңбек етіп келеді. Бұған дейін баспанасы болмай, бір бөлмелі пәтерде лаждап жүрген анаға биыл мешіт жамағаттарының ұйғарымымен баспана сатып алуға қаражат жинастырыла бастаған.
Ізгілікті іске қолдау көрсеткен «Арқалық қоры» қайырымдылық қоры халықтан  1 миллион теңге қаржы жинап беріп, көпбалалы ананың қуанышын еселеді.

«Бір-біріне көмектесу, жетім-жесір, кембағалдарға мейіріммен қарау, қысылғанда қол ұшын созу – мұсылман баласының асыл қасиеттерінің бірі. Баспанаға мұқтаж болып жүрген апамызға мешіт жанынан орталық жылу жүйесіне қосылған 4 бөлмелі үй әперілді. Үйдің кілтін қасиетті жұма күні көпшіліктің алдында тапсырдық.  Гүлнар апамыз 22 жылдан бері мешітіміздің қызметшісі. Арқалық қалалық «Мұхтасиб Әлмұхамед» мешітінің аты жақсы жағынан шығып жатса оған осы апамыздың да тікелей үлесі бар», – дейді қалалық мешіттің бас имамы Нұрхан қажы Асанұлы.

  Еске сала кетсек, қалалық мешіт жамағаты осындай жолмен өткен жылы да көпбалалы ананың баспаналы болуына үлестерін қосқан болатын.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Арқалық қаласы

 

Жаңалықтармен бөлісу