Арқалықта жәрмеңкеде 9 мекеме 70 бос жұмыс орнын ұсынды. Бұл жолғы іс-шараның өтуіне «AMANAT» партиясының Арқалық қалалық филиалы, қалалық «Жұмыспен қамту орталығы», Прокуратура, «Әділет» органдары мұрындық болды.
Жәрмеңкеге қаладағы іргелі кәсіпорындар, атап айтқанда, «Алюминстрой», «Агроинтерптица», «Іскер-Арқалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «АЖЭК», «КЮЭС», «Шаруашылық» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындары және басқа да жұмыс
беруші ұжымдардың өкілдері атсалысты.
«Бос жұмыс орындар жәрмеңкесінің» ашылуында «AMANAT» партиясының Арқалық қалалық филиалының атқарушы хатшысы Сабыржан Тасмағанбет «Жұмыссыздық – індет, оны жою міндет» екенін алға тартты.
Екі қолға бір жұмыс тауып, қуанышқа кенелгендерідің бірі Сүндет есімді жігіт. Ол «Алюминқұрылыс» мекемесіне құрылысшы болып жұмысқа орналасты.
«Бұған дейін кездескен жұмысты істеп келдім. Менің үш мамандығым бар. Құрылысшы, электрик және дәнекерлеушімін.
Тұрақты жұмыс тапқаныма қуаныштымын. Енді, қордаланып қалған қарыздарымды жауып, жаңа өмір бастаймын деген сенімдемін», – дейді аптал азамат.
Айжан Сыздықова, Арқалық қаласындағы ауданаралық«Әділет» басқармасының басшысы:
– Мұндай іс-шаралардың берері мол. Бүгінгі іс-шараға жеке сот орындаушыларының ұйымдастыруымен жұмыссыз азаматтар келіп, өздеріне қажетті кеңестерін алды.
Жеке сот орындаушылары алимент жөнінде қарызы барлармен, нәпақаларын төлей алмай жүрген және үкіметке берешегі бар адамдармен жұмыс істейді.
Сәуле Қалиева, Арқалық қалалық прокуратурасының прокуроры:
– Жұмыс жәрмеңкесіне келген алименттік борышы бар төрт адамның екеуі жұмысқа орналысып, екеуі жұмыссыздыққа тіркелді.Жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға жұмыс табылған кезде хабарлама берілетін болады.
Жәрмеңке жақсы, нәтижелі өтті. Жұмыс берушілерге алғысымызды білдіреміз.
Суретті түсірген автор.
Арқалық қаласы