Бұл дала ерлері тұрғындарды ауыл шаруашылық өнімдерімен қамтып, салық түсімдерін көбейтіп қана қоймай, демеушілік істерімен де елдің алғысын арқалап келеді.
Мәселен, биыл Фурманов ауылына 10 миллион теңгеге шағын футбол алаңын салып берген «Бірлік – К» ЖШС басшысы Қазыбек Мұқашев, осы ауылға 5 миллион теңгеге балалар ойын алаңын орнатуға демеушілік жасаған «Анжела – Б» шаруа қожалығының басшысы Рамиль Бикбаевтарға қала басшысы ризашылығын білдірді.

Сондай — ақ, кәсіпкерлер «Ұлттық домбыра күнін» мерекелеуге, Алаш ардақтысы М. Дулатұлының – 140 жылдығын атап өтуге, сол дүбірлі думан аясында өткен Халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесіне, Арқалық қаласының құрылған күніне арналған іс шараларға демеуші болды.
«Мұның барлығы Арқалық қаласы бойынша ауыл шаруашылық өнімдерінің көлемін арттырып қана қоймай, қаламыздың әлеуметтік – экономикалық дамуына оң серпін берері сөзсіз», – деді қала әкімі Әмірхан Асанов.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған мерекелік кеште дала төсін еңбек дүбіріне бөлеген майталман ерлерді қала әкімі Әмірхан Асанов құттықтап, марапаттарын табыс етті.

«Арқалық қаласының ауылшаруашылық тауар өндірушілері өздерінің ерік – жігері мен мемлекеттің қолдауының арқасында жемісті еңбектерімен танылып келеді. 2025 жылы жаздық егіс алқаптарының құрылымы 337 мың 635 гектарды құрады, оның ішінде: дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 300 мың гектарға жетті. Отыз мың гектарға майлы дақылдар себілді. Егін жинау қорытындысы бойынша дәнді және дәнді–бұршақты дақылдардың орташа өнімі гектарына 12,4 центнерді құрады», – деп атап өтті қала әкімі Әмірхан Асанов.
Еңбегімен танылған ерлер арасында ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрметті ардагер» медалімен «село Восточное» ЖШС механизаторы Мырзағали Омаров, «Оразалы» шаруа қожалығының басшысы Дастан Оразалин, «Құрмет грамотасымен» қалалық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Руслан Кулетов, «Қазақстан фермерлер асрсациясының «Үздік фермер» медалімен «АгроМар» шаруа қожалығының басшысы Марина Мартын, «Ултан» шаруа қожалығының басшысы Бектұрсын Кенжегаренов, «Мусилим» шаруа қожалығының басшысы Аслан Мусинов, «Алтай жер» шаруа қожалығының басшысы Айбар Ибраев марапатталды.


Қала әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын иеленгендердің қатары да қалың болды.
Сондай — ақ, «Жомарт жүрек — 2025» бағдарламасы аясында белсенді азаматтық ұстанымы және қайырымдылық қызметті жүзеге асырғаны үшін бірқатар еңбек ерлері түрлі аталымдармен марапатталды.
Биыл егіннен мол өнім алып марапатталғандардың қатарында гектарына 28 центнерге дейін орташа өнімділікке қол жеткізген «BIGGRAIN TIME» ЖШС директоры Айбек Кабзиев көш бастады.

Толымды еңбек істеп, табысқа кенелген ауыл шаруашылық қызметкерлерін құттықтап марапаттауды келесі кезекте ҚР ауылшаруашылығы министрлігінің ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қостанай облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Берікжан Қайыңбай жалғастырып, майталман ерлердің мерейлерін үстем етті.




Ауыл шаруашылық саласын насихаттайтын арнайы көрме қанат жайып.

ерен еңбек иелерінің құрметіне қала өнерпаздарымен қатар еліміздің танымал өнер жұлдыздары да өнерлерін паш етті.
