Арқалықтан 50 бала Алматыға аттанды. Жеткіншектер «Қазақстан халқына» Қоғамдық қорының қолдауымен «Айналайын» сауықтыру орталығында демалып келеді.
Жан жадыратқан жолдаманың бір бөлігін қалалық білім бөлімінің басшысы Есланбек Мәметеков Родина ауылындағы Ә.Бөкейханов атындағы жалпы білім беретін мектептің 11 оқушысына салтанатты түрде табыс етті.
«Бұл жобаға негізінен ауыл мектептерінің 5-8 сыныптарының үздік оқушылары, оның ішінде тек облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары тартылып отыр. Балалар 8-17 маусым аралығында Алматыдағы «Айналайын» атты балаларды сауықтыру орталығына барып, демалып қайтады. Жолдама құны – 170 мың теңге. Балалардың бару-келу қаражаты жалпыға міндетті оқу қорынан қарастырылған», – дейді қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі, балалардың құқығын қорғау жөніндегі бас жетекші Мейрамкүл Тілеубайқызы.
Назерке Жасұланқызы, лагерьге жолдама алушы:
– Мен ғылыми жұмыстарға көп қатысамын. Ән айтамын, би билеймін. Спорттық шараларға да белсене қатысамын. Оқу жылының қорытындысында «Дарынды бала» құрметті атағына ие болып, лентамен, мақтау қағаздарымен марапатталдым. Бүгін маған қалалық білім бөлімі басшысының қолынан Алматы қаласындағы лагерьде демалуға жолдама алу бақыты бұйырғанына өте қуаныштымын. Осы жобаны ұйымдастырушыларға зор алғысымды білдіремін.
Арқалық қаласы