Дэюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы Қостанай облысының 39-шы спартакиадасы «Қайрат» спорт кешенінде бастау алды.
Спартакиаданың салтанатты ашылуында спортшылар сап түзеп, еліміздің Әнұраны ойнатылды. Сайысқа облыстың 4 қаласы мен 16 ауданынан келген спортшылар 4 салмақ дәрежесі бойынша сынға түседі.
Спортшыларды қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілі Азамат Жұмағұлов құттықтап, қадамдарына сәттілік тіледі. Сайыстың өту тәртібімен бас төреші Әлішер Таев таныстырды.
Қала әкімінің орынбасары Мешітбай Қайыржанұлы тілге тиек еткендей биылғы жыл Арқалық қаласы үшін маңызды мерекелік іс-шараларға толы. Арқалық қаласының құрылғанына 70 жыл. Спорттың 23 түрін сарапқа салатын Қостанай облысының ХХХІХ спартакиадасының финалдық кезеңі алдағы тамыз айында Арқалық жерінде өтеді деп күтілуде.


Араға жиырма жыл салып, Арқалыққа қайта оралған облыстың ең ауқымды спорт мерекесін ел қуанышпен қарсы алатын болады.

«Халықты салауатты өмір салтына шақырып, көпшіліктің рухын көтеруде бұл жарыстың орны ерекше. Облысымызда жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан спартакиада талай балуанның бағын жағып, сандаған жастың спортқа деген қызығушылығын оятатыны анық», – деп атап өтті Арқалық қаласы әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов.
Облыстық спартакиада аясындағы дзюдо күресі ертең Арқалық қаласының 70 жылдығына арналған дзюдодан Қостанай облысының чемпионатына ұласпақ.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
