Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінде «Заң үстемдігі – тұрақты өңірдің негізі: құқықтық мәдениет пен қоғамдық тәртіп» тақырыбында ауқымды іс-шара өткізілді.
Жиын қоғамдағы құқықтық мәдениетті көтеруге, азаматтардың, соның ішінде болашақ педагогтардың құқықтық санасын қалыптастыруға және өңірлік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған. Жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру және «Заң мен Тәртіп» қағидатын қоғамдық санаға сіңіру және өңірдегі қоғамдық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту тетіктерін талқылау сондай – ақ, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның бірлескен жауапкершілігін күшейтуге негізделген.
Іс — шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, заңгерлер, сарапшылар қауымдастығы, университеттің оқытушы-профессорлық құрамы мен студент — жастар қатысты. Құқықтық мәдениеті жоғары, заңды құрметтейтін қоғам ғана тұрақты даму мен әлеуметтік келісімге қол жеткізе алатыны жиынның басты түйініне айналды.
Арқалық қалалық Полиция басқармасының басшысы, полиция полковнигі Болат Шубаев және оның орынбасары, полиция подполковнигі Жұмабай Қоңқас, Арқалық қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Сұлтанбеков және басқа да заң өкілдері қоғамда жиі ұшырасатын қылмыс түрлеріне тоқталып, халық даналығында айтылып жүрген «қылмыстың соңы қылбұрау» екенін тәтпіштеп түсіндірді.
«Қазақстан Республикасында құқық үстемдігін орнықтыру және заңға деген құрметті арттыру – мемлекеттік саясаттың негізгі басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Заң мен тәртіп үстемдік етпеген жерде әділет те, даму да болмайды». Бұл қағида бүгінгі таңда ұлттық дамудың іргетасына айналып отыр», – деп атап өтті универитет ректоры Талғат Ещжанов.
Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы мен «Еститін мемлекет» қағидаты аясында билік пен қоғам арасындағы кері байланыс жаңа деңгейге көтерілді. Бұл тек заңнамалық өзгерістер емес, сонымен қатар қоғамдық жауапкершілікті және мемлекеттік институттарға деген сенімді арттыруға арналған кешенді үдеріс. Осы орайда, университет қабырғасында өткен айтулы іс-шара Президенттің стратегиялық бағытын өңірлік деңгейде іске асырудың нақты көрінісі болып табылады.
Заман ағымына қарай құқық бұзушылықтың кең тараған түрі интернет алаяқтығы, жеке тұлғалардың есеп шоттарын жалға беруі, сондай – ақ рұқсат етілмеген заттарды тасымалдау сияқты қылмыс түрлері нақты мысалдармен кеңінен сөз болды. Арнайы дайындалған кәсіби бейнероликтер көрсетіліп, қылмыстың тарттыратын зардабы туралы мәліметтер берілді.
Тұрсынай Боранбай,
кітапханашы:

«Кітапханамыздың 248 мыңнан астам кітап қоры бар. Оның 114 мыңы қазақ тіліндегі кітаптар. 28 мамандыққа арналған кітаптардың барлығымен қамтамасыз етілген. Кітап қоры жыл сайын жаңартылып отырады. Жыл сайын 2 мыңға жуық кітапқа тапсырыс беріп, оқытушыларды және студенттерді жаңа кітаптармен қамтамасыз етіп отырамыз. Бүгінгі университетімізде өтіп жатқан іс – шараға байланысты заң аясындағы кітаптардан сонымен қатар 2025 – 2026 оқу жылына жаңадан алынған кітаптардан көрме ұсынып отырмыз».
Ақния Құлажанова,
Студент:

«Бүгінгі кездесу өте жоғары деңгейде болды деп айта аламыз. Өзімнің көкейімде жүрген сұрақтарымды да қойып, тиісті жауаптарын алдым. Осындай ілкімді іс – шаралардың арқасында қоғамда кезігетін түрлі құқық бұзушылықтар мүлде тыйылады деп есептейміз. Жалпы, құқық бұзушылықтың азаюына педагогтардың әсері зор болмақ. Болашақтағы біздің ең бірінші мақсатымыз жастар арасындағы құқық бұзушылықты азайту және ел заңын қатаң түрде сақтауға және әділеттілікті сақтауға күш саламыз. Сөзімнің соңын Әділетті Қазақстан бізден басталады деп аяқтағым келеді».
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген — автор
Арқалық қаласы
