7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесінде арқалықтықтар кешегі шыбын жанын шүберекке түйіп ел қорғаған батыр бабалардың рухына тағзым етіп, ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды.
Қаладағы облыстық қазақ жасөспірімдер театры ғимаратының алдындағы алаңқайға ат үстіндегі мүсіні сомдалған айбынды жерлесіміз, қазақтан шыққан тұңғыш тархан, даңқты қолбасшы, мәмлегер, жаужүрек батыр Шақшақ Жәнібек ескерткішіне қала әкімі Әмірхан Асанов пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров бастап, гүл қойып, тағзым етті.
Қала мекемелері мен ұжымдары, кәсіпорындары қаладағы кешегі ел басына күн туған, ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен алмағайып заманда Торғай өңірінен шыққан баһадүр батырлар: Жәуке батыр, Аманкелді батыр, Кейкі батыр ескерткіштеріне және Ұлы Отан соғысының боздақтарына арналған даңқ ескерткішіне бір мезетте гүл шоқтарын қойды.
Ел мен жердің тұтастығы, келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін бастарын бәйгеге тіккен жаужүрек ерлер бір минуттық үнсіздікпен еске алынды.
Тархан Шақшақ Жәнібек ескерткішіне гүл қою рәсіміне қаладағы облыстық қазақ жасөспірімдер театры, «Дала өлкесі тарихы» музейі, №2 ғылыми-әмбебап кітапхана, Жастар ресурстық орталығы, Ш.Уәлиханов атындағы №1 мектеп, №2 жалпы білім беретін мектеп, Б. Майлин атындағы №3 мектеп, А.Құнанбаев атындағы №6 мектеп-гимназия, А.Байтұрсынұлы атындағы бастауыш гимназия және «Балдырған» балабақшасының ұжымдары атсалысты.
Қолдарына гүл ұстап, ерлерге тағзым жасаған ел-жұрттың көңілдері көтеріңкі, жүздері шуаққа толы.
«Бүгінгі Отан қорғаушылар күні мерекесіне арналған іс-шара барысында елімізді, жерімізді қорғаған батырларымызды, ата-бабаларымызды еске алып, рутарына тағзым етіп, адами – перзенттік міндетімізді атқарып жатырмыз. Еліміз тыныш болып, тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын. Батыр бабаларымыздың әруақтары ел-жұртымызды желеп-жебеп жүрсін», – дейді А.Құнанбаев атындағы №6 мектеп-гимназияның директоры Қарлығаш Серікбайқызы.
Ескерткіштер басында шағын митинг ұйымдастырылып, патриоттық сарындағы саз әуендері ойнап тұрды.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы